четверг, 5 ноября 2009 г.

ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ. ДУАДАҚ ҚОНҒАН БОЗ ТӨБЕ

Әбіш КЕКІЛБАЕВ

Дуадақ қонған боз төбе

(Ер мен ел хақынан рауаят)

Жатыр талай асыл жан

Топырақты барып жамылып:

Жүйрігі кімнің кеткен жоқ,

Шаршыға түскен шабылып,

Не батырлар өткен жоқ,

Жау іздеген сабылып?!

Сәттіғұл.

Шаруажай халқымыз жер аяғы кеңейе, көген керіп, кетпен саптайды. Шөп сарғая, күзем алып, қырман басады. Одан қолдары босай сала, үй түзеп, той-томалаққа әзірленеді. Биылғы жылы да солай болып жатқан түрі бар. Хат алсаң – шақыру. Көзі тірі ұрпақты қызықтайтын шілдехана, тілашар, сүндет, келін алу, қыз ұзату, мүшел тойларды былай қойғанда көздері жоқ ата-бабаны ұлықтап, аруақ ризалайтын ас пен жиын қаншама?! Ақадырда Байғозы, Қарасазда Райымбек батырларға ас берілді. Ұлытауда арғы-бергі басқосуларға жәдігертас қойылмақшы. Жидебайда Абай, Алтынжарда Құрманғазы бастарына ел жиылмақ. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы кеңінен өріс жаюда. Талай таныс-бейтаныс жайсаңдарымыз жайында жақсы хабар көбейе түсер түрі бар. Жуырда Ақтаудан телефон соғылды: «Шотан Назарұлының туғанына үш жүз жыл толғаны атап өтілмекші». Естіп отырған бір танысым жұлып алғандай қылып: «Ол не бітірген ақсақал еді?» – деп сұрады.

Оданылау естілгенмен, ойлантатын сұрақ. Қай-қайдағыны есіңе салады. 1992 жылы жазда Маңғыстауда ұлт саясаты және тіл мен мәдениетті дамыту парламенттік комитетінің көшпелі мәжілісі өтті. Оған ғылыми-шығармашылық қауымның бір топ көрнекті өкілдері барды. Меймандар өлкедегі ежелгі тарихи жәдігерліктерді көріп, солардың ішінде Үстірт үстіндегі көне қорым – Сейсем Атаны аралады. Бір жерде бір-біріне ұқсайтын қалақ тастардан тұрғыза салынған тас қорапшалар ұшырасты. Үстіне жұмырлап мүсінделген қойтас пен тас дулыға бейнесі қойылыпты. «Дәу де болса, батырлардың қабірі шығар», – деп ойлап, біреуінің басындағы көне жазуға үңілдік. «Назар ұлы Шо...» деп басталған жазудың аяқ жағын шор боп бүркеп тұрған қалың қына оқытпады. «Е, бәсе, Шотан батыр осында жерленсе керек еді», – дедім мен қасымдағыларға. Сол сөзім құлағына жеткен бе, араға жыл салып, Ақтауға барғанымда мейманханаға мені бір кісі іздеп келді. Қаби Сүйеубайұлы деген батырдан қалған ұрпақтардың бірі екен. Отызыншы жылдардың топалаңында ата-аналары басқа республикаға ауып кетіп, сол жақта өсіпті. Елге қайтып көшіп келген соң, әр ақсақалға бір жолығып, баба қабірін іздеп, әркім әр жақты сілтеп, әбден басы қатып жүр екен. Бабаның ізінен бала адасып қалған заманның тақсіретін молынан тартып баққан бауырымызға анадағы көргенімізді айтып, арабша білетін біреуді ертіп, әлгі жазуды қырнап-жонып өшіріп алмай, қынасынан арылтып, қайта оқытуға кеңес бердім. Сәті түсіп, 2002 жылы Сисем Атаны қайта барып көрдім. Шотан батырдың басына жаңадан белгі қойылыпты. Қатты қуанып кеттім. Ұмыт бола бастаған ұлы тұлға қайта оралғандай, өше бастаған есім қайта жаңғырыққандай көрінді.

1992 жылы көшпелі отырысты қорытындылағанда жұртшылық назары тарихтың ақтаңдақтарын қалпына келтіргенде тек тоталитаризм құрбандарына байланысты әділетті қалпына келтірумен ғана тынбай, үш ғасырдан астам уақытқа созылған бодандық қиянаттарының салдарын түгел қамтыған жөн екендігіне аударылып еді. Мынау соның жүзеге асқан бір жұрнағындай әсер етті.

Кейінгі ұрпақтары қабірін әлденеше жыл қолына шырақ алып жүріп іздеп, табылғанына осынша қуанатындай Шотан батыр сонша кім еді?

Бұл сұрақтың жауабын мен бала кезімде қызыл домбырасын қызына сабалап:

«Ертеде ерлер көп өткен

көк сүңгісін өңгерген,

көңілі көншіп желденген;

«қайырсыз» деп бұл қоныс

Асанқайғы бабамыз

болған екен сергелдең,

қалған екен бұл мекен

рет-рет елдерден,

елдің аты айладыр,

айладырды аударып

Маңғыстаудың қара ойын

адай елі жерленген...

сол күнде болған батырлар

Атақозы, Есек пен Сүйінқара,

Келдібек, Тәңірберген, Бердібек,

Мыңбай, Төкеш, Құлыбек,

Балуанияз, Қармыс, Ер Төлеп,

Шотан, Шабай, Ер Қосай,

солардың жалғас ең соңы

Иса мен Досан ер соңы» – деп еңкілдете термелеп отырған жыршылардан талай естігем. Ал көп беріде көзі жұмылған Сәттіғұл ақын: «...Назар деген ауылымнан Шотандай батыр ер шықты, жау дегенде жатпапты, көк сүңгісін саптапты, бұл да өтіпті тұсында ноғайлыдағы бұрынғы Орақ пен Мамай секілді», – деп алып: «Абыл, Нұрым, Ақтаным, ақпа-төкпе тақтағым; осылай деп айтатын тарихтың ескі ақпарын» – дейтін Қашаған ағасындай анық-танығын баяғы баба ақындарға сілтейтін.

Ал олардың Шотанмен тұрғылас адамдардан өрбіген ұрпақтың өкілдері екендігі бесенеден белгілі еді. Мәселен, Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезовті тамсантып: «Тауға біткен қайыңның солқылдар басы жел өтсе, тоғайға біткен жоңышқа, солғын тартар күн өтсе, еріні салпы ер аты семірмес қайта ер өтсе... Хан бұрылып қараған, би бұрылып сұраған, көркі болмас арудың екі он бестен жасы өтсе» деп толғайтын әйгілі Есет би інісі Мұрат Мөңкеұлын айтысқа әзірлегенде өткендегі аруақты ерлерден адайда Атақозы, Шотан, Өмір, Темірді айрықша айтуды қатты тапсырған. Өйткені, олар жаугершілік заманда күн сайын кезігіп тұратын ауыл арасының аламан қақтығыстарын емес, нағыз ұлттық майдандардың атақты шайқастарында ерлігімен танылған айтулы батырлар еді. Сол Мұрат Мөңкеұлы қазіргі Кіші жүздің атақонысы жайында:

«Бұ жерден дін мұсылман жеті кетті,

біреуі екі келіп, екі кетті,

кеткен жұрт жетеу емес, алтау еді,

біреуін екі санап жеті депті;

әуелі осы жерден Ноғай кетті,

баласы мұсылманның нобай кетті;

Қазтуған, Асанқайғы, Орақ, Мамай

әрі өтіп Тесіктаудан солай кетті;

артынан Телағыс пен Нәрік кетті,

өзіне ерген жұртын алып кетті,

жер қарап нар маямен он екі жыл

Асан би жердің үстін танып кетті;

ақырда қыл жалаулы қалмақ кетті,

қуалап Дәулеткерей солдат кетті;

су қарап он екі жыл қайықпенен

Асан би айналаны барлап кетті;

артынан қазақ жұрты кетем деген,

соңынан Асан бидің жетем деген,

айтса да кетем деп ол кете алмаған,

соңынан Асан бидің жете алмаған,

Саураннан Тезен тауы қайта көшіп,

әрі қарай Тесіктаудан өте алмаған;

бұл жерге сонан қайтып қазақ қонған,

әдіре талай жұртқа азап болған;

бас қосып Кіші жүздің ақсақалы

бойына Үш қиянның қарап қалған;

екі адам қарай шыққан ауылынан,

кеңесіп әлімұлы, байұлынан,

көзіммен көргенім жоқ ешбіреуін,

есітемін бұрынғының дабылынан;

Есболай, кете Әжібай қарай келген,

қасына батыр жары Шотан ерген;

Әжібай Сарыарқаны қыстап қалып,

Керелді Есболай бай белгілеген...» – деп жырлайды.

Бұдан біз ақтабан шұбырындыда Сауран айналған алшын балалары әуелі бір кездегі Асанқайғы айтқан ауған асып кетпекке оқталып, Орта Азия хандықтарына қарай босқанын аңғарамыз. Бірақ, «еншісі бөлінбеген бауырлармыз» деп барған үміттері ақталмады. Мызғымас кедергілерге кездесті. Содан баяғы Ноғайлы заманындағы атақоныстары – «Еділдің бойы қанды қиян, Жайықтың бойы шаңды қиян, Маңғыстау бойы майлы қиян – адыра қалған Үш қиянға» қарай аттануға бел буды. Бірақ, ол кезде бұл да мүмкін емес еді. Ол жердің бәрін 1630 жылдардан бері торғауыт қалмақ иеленіп кетіп еді. Сол кезде көршілерімен соғыста қауырт жеңіске жеткен Ойрат одағы бір кездегі Шыңғыс ұлысын қайта қалпына келтіруді көксей бастап еді. Сол тұрғыдан бүкіл қандастарының келісімін алып, бұрынғы Ақорда тайпаларының босап қалған қоныстарына жылжып көшкен қалмақ тайпаларының маңдай тобын бастап Еділ сағасына жеткен Хо-Өрлік іштей бұрынғы Алтынорда аумағын уысқа түсіруді армандайтын. Бұл әсіресе әлгі заманда он екі жасында Еділге келген Аюке тайшы таққа отырғанда мықтап қолға алынды. 1697 жылы Ресеймен жасалған келісім- шартында қалмақтардың бұқарлықтарға, қарақалпақтарға, қазақтарға, Қырымға, Қобанға, Кавказға жасалатын жорықтарын зеңбірекпен, оқ-дәрімен қамтамасыз ету көзделген еді. 1722 жылы I Петрдің Дағыстанды, Персияны жаулап алмақ жорықтарына әскер берген Аюке өзін патшаның боданы емес, одақтасы ретінде сезіне бастады. (Н.Н.Пальмов. Очерк истории калмыцкого народа за время его пребывания в пределах России. Элиста. 1992 г. 251-бет). Мұндай жағдайда қалмақтың ар жағындағы Ресейдің тілін таппай, Қасым, Ақназар тұсындағы қазақ иемденген батыс аймақтарға сынық сүйем жақындай алмайтынын сезінген Әбілқайыр сол кезде қарақалпақ арасында жүрген Юнус Максутовқа ертіп, Петерборға өз елшілерін жіберді.

Алайда, жоңғардан босып келе жатқан дәрменсіз қауымға патша үкіметі жылы қабақ таныта қоймады. Сол кезде қытай тағын иемденген Цин әулеті жоңғарларға теріс ыңғай танытты. Соны пайдаланған Ордабасы құрылтайының шешімі басқыншыларды Алакөлге дейін қуып салды. Одан әрі қарап өңмеңдеудің неге ұрындыратынын біле алмаған қазақ билеушілері аңыс аңдай тұруға көшті. Сол екі ортада батыстағы Ресеймен жүз жылытып алуды көздеді. Бәлкім, олар қалмақ, түрікмен, башқұрттарға жасап отырғанындай «қамқорлығын» бізге де жасар деп дәметті. Патша сарайына елші үстіне елші аттандырыла бастады. Бұл ретте елден бұрын көзге түскен Әбілқайыр хан патшаның күле қарағанын пайдаланып, башқұрттардың ісіне араласып, теріскейдегі өрістерге жетіп алғысы келді. Ол тараптың да шиі шыға бастағанда қайтадан түскейге көлбеді. Екеуінде де бір кездегі Аюке сияқты алыстағы патшаға арқа сүйеп, өз ұлысы мен ықпалын біртіндеп кеңейте беруді, сондай-ақ бір кезде бөгделерге қолды болып кеткен атақонысты біртіндеп қайта иемдене беруді көздеді. Тіпті Нәдір Шахтың зобалаңынан да сондай айла-амалы арқылы аман қала алды. Оның бұл тәсілін балалары да мықтап ұстануға тырысты.

Нұралы хан інісі Ералыны пайдалана отырып, бақталасы Батыр тұқымының өкілдері билікшілік ететін, парсы патшасының ықпалындағы күнгей өлкелерді өзіне қаратып алуға күш салды. 1762 жылы Сырдария аяғындағы қоныстар үшін Ералы бастаған 20 мың адам қарақалпақтарға бас салды. Соның өшін алмақ болған қарақалпақтар ізінше Хиуаға сауда жасауға бара жатқан қазақтарды жол-жөнекей қырып тастады. Олардың арасында Қайыптың інісі Бөрі сұлтан, Нұралы ханның туған нағашысы, Ералы ханды тәрбиелеген аталық, 1870 жылы 31 майда жүзден асып дүние салған Бопай (Материалы по истории казахской ССР, т.2. ІІ-бөлім, 421-бет) ханымның інісі, адай батыры Мырзатай бар еді. (Мырзатайдың баласы Тұрмантай Мырзатаев 1808 жылғы 26 қарашадан 17 желтоқсанға дейінгі аралықта Нарынға қарай қыстауға көшкен рулар тізімінде адай-тобыш бөлімнің рубасы деп көрсетілген. (История Букеевского ханства. 1801-1852г.г. А.,2002.,158-бет) Бөкей хандығындағы тобыштар, негізінен, табынайлар мен өтеғұлдар екенін ескерсек, шежіреші Еңсеп, Алқам, Алшын қариялардың Бопай ханым табынай Табылдының қызы еді деп жүргендерінің жаны бар болып шығады.

Ералы қосыны бұнымен де тынбай, 1765 жылы жәуміт түрікпендерге тиісіп, бірнеше ауылдарын талайды. Сөйтіп, қазақтар Хиуадағы Мұхамед-Эмин инак басқаратын өзбектер мен Хангелді инак басқаратын түрікпендер арасындағы тартысқа араласа бастайды. Ол кезде Хиуада жәуміттерге сүйенген Барақ сұлтанның баласы Нұралы хан еді. Қоңырат өзбектердің басшысы Мұхамед Эмин оны кетіріп, орнына Әбілқайыр ханның баласы Нұралыны хан қойғысы келеді. Қос Нұралының тайталасының салқыны қазақтарға тиеді. 1767 жылы жәуміттер мың адамды өлтіріп, үш мың адамды тұтқындап әкетеді. Әсіресе, түрікпендерге шектес көшіп жүретін адайлар мықтап қансырайды. Зеңбірек сұраған Нұралы хан талабын Орынбор орындамайды. Бірақ, Мұхамед Эмин жәуміттерге мықтап тойтарыс берді. Түрікпен тізгінін Нұралының ұлы Пірәліге, қарақалпақтардың тізгінін Нұралының інісі Өсекеге, Хиуаның тізгінін Әбілқайырдың тағы бір немересі Әділ сұлтанның ұлы Әкімге ұстатты. Бірақ, хиуалықтар көп ұзамай Әкімді елден қуып жіберді. Бұған ашуланған Кіші жүз рубасылары Хиуаға саудаға бармауға, керуендерін үстерінен өткізбеуге пәтуаласты. (М.Вяткин. Сырым батыр. А., 1998 ж. 156-158 беттер) Алайда олардың ушыға бастаған өріс тапшылығын күнгей аймақтағы үстемдік түгел қанағаттандыра алмайтын еді. Ол бір кездегі Үш қиянды толығымен қайтарғанда ғана қанағаттана алатын еді. Бұл мәселені шешуде Нұралы хан дәрменсіздік танытты. Бұған наразы ру басшылары Ресейдің қол астынан түпкілікті көшіп кетуге үндей бастады. Олардың көзін 1758 жылы ойсырай жеңілген жоңғарлардан босап қалған жерлер жегі құрт болып жей бастады. Халықтың бұндай көңіл күйін аңғарған Ералы, Айшуақ, Досалы сұлтандар ұлыстарын шығыс тарапқа көндіруге талаптанды. Тіпті Ералы сұлтан ел ішінде «Бұдан асқан өнбес шаруа болар ма? Жайықтан әрі өтіп, қыста барып, бір қыстаймыз деп аманатқа бала береміз. Жайықтан басқа жер құрып қалып па? Жайықты тастап көшу керек!» – деп ашықтан-ашық айта бастады». (А.Добросмыслов. Тургайская область. Тверь. 1902. 133-бет) Орталық Қазақстан мен теріскей Жетісуда орнығып қалған кейбір Кіші жүз ауылдары сол ауа көшушіліктен қалған тарихи жұрнақтар сияқты.

Бұндай көңіл-күй Орта жүзде де күшті болды. Соны айламен тойтармақ болған патша сарайы Абылай сұлтанды өз ықпалына бейімдеу мақсатымен хан қоймақ болып емексітіп жүргенде, 1745 жылдан хабарсыз кеткен Әбілмәмбет ханның әлі тірі екенін естіп, әлгі райларынан қайтып қалады. Ол кезде Абылай сұлтан қытай-жоңғар соғысының аяқталғанына үлес қосқанын пайдаланып, қол астындағы руларының жоңғардан босаған жерлерді көбірек иемденіп қалуының қамына кірісіп еді. Қазақтардың бұл пиғылын алыстан аңғарған Қытай «босаған аймақтарды» оңды-солды желеулетіп, емексіткен үстіне емексіте түсті. Бұған наразы болып хат жазған Ресей Сенатына Қытай трибуналы 1759 жылы Орта жүз билікшілерінің 1758 жылы Қытай бодандығын түпкілікті мойындап қойғанын ресми түрде мәлімдеді. Соған байланысты: «Күллі аспан асты елінің ұлы иегері қандай ма билікші болмасын, бізге бодандыққа өтем десе, тілегін қабыл алып, нені қалаймын десе де, қолынан қақпауға, үлкен ықыласпен сый-сияпат жасауға әмір етті; оның елінде қол астына өткісі келетін әміршілерден қандай ма болмасын ант беруді немесе баласын аманатқа тігуді міндеттейтін әдет жоқ; ешкімнен ешқандай алым-салық талап етілмейді, қайта оларға асқан мейірбандылық көрсетіліп, әртүрлі тарту-таралғы беріледі. Сондықтан да, Абылай, басқа да билікшілерімен бірге мұншалық инабатты да әділ үкіметтің бодандығына өз еріктерімен кіруге ықылас білдірді» – дейтін түсініктеме берді» (А.И.Добросмыслов. Тургайская область. Т.., Тверь., 127-бет) Абылай бұл тізімге, тіпті Нұралы ханды да сыртынан тіркеп қойған болып шықты. Оны оқыған Боғдыхан арыстанның аузындағыны жұлып жеген жолбарыстай Ресей Сенатына шекесінен қарап, бір мәз болып қалары түсінікті еді.

Бұл қазақ арасындағы ауа көшуді күшейтіп жібере ме деген қауіп туғызды. Патша ұлықтары ондай жағдайда «көп ұзамай орысқа айналып кететін бірнеше жүз мыңдаған тұрғындарды жоғалтқанымызбен қоса, аса маңызды саудадан түсетін табыстан да айырылып қалар едік», – деп қорықты. (Бұл да сонда.162-бет) 1762 жылы Абылай Пекинге екінші қайтара елші жіберді. Одан Нұралы хан мен Батыр, Әбілпейіс сұлтандар да қалысқысы келмеді.

Боғдыхан бәріне де, әсіресе Нұралы ханның елшілігіне ерекше маңыз берді. (А.И.Левшин. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсакских, орд и степей., А. 1998 ж. 241-бет). Орыс боданында отырған оны да Қытай ықпалына көшіргісі келіп жанын салды. Бұны естіп, патша өкіметі де қазақ сұлтандарының көңілін аулай бастады. Хан-төрелерге жалақы белгілеп, тұрақты қоныс салмақ болды. Нұралы да Абылайға ұқсап, екі жеп биге шығу саясатын ұстанды. Патша ұлықтарымен қоса рубасыларынан да тәуелсіз болуға тырысты. Тіпті Шығыс Түркістандағы Қытай астамдығына қарсы тұрмақ болған мұсылман қозғалысына да қосылғысы келді. Аманатқа берген екі баласы бірдей Орынборда өлгеніне байланысты өзіне мұрагер тағайындау мәселесін өршелене көтерді. Патша бұдан тіксініп, қалмақ ханын оған астыртын айдап сала бастады. (Бұл да сонда. 245-246 беттер).

Алайда қалмақтардың өз іші де оңып тұрған жоқ еді. Аюке балалары бір-бірімен билікке таласып кетті. Жоңғария құлаған соң, Қырым, Қобан, Кавказ, шығыстағы мұсылман көршілері қыспақты күшейтті. Қытайдан қашқан бірнеше тайшы қарауындағы елмен Еділ бойына жетіп бас сауғалады. Кейбірі христиан дініне өтіп, біржолата қауіптен құтылмақ болды. Бірқатары арттағы елді сағынып, орыстандыруға қарсы шығып, Еділ қалмақтарын шығысқа көшіп, Жоңғария туын қайта көтеруге азғырды. Сонда Шерен деген тайшы Еділ қалмақтарының сол кездегі көсемі Убашыны қаша көшуге көндірді. Отыз мың қалмақ шаңырағы 1771 жылғы 5 қаңтарда жолға шықты. Патша үкіметі Кіші жүзді билейтін Нұралы, Досалы, Айшуақтарға, Орта жүзді билейтін Абылай мен Әбілпейіске, Ұлы жүз билігіне енді кіріскен Ералыға (А.Добросмыслов. Аталмыш еңбегі. 150-бет.) қашқан қалмақтар босқынын тойтарып, Ресейге қайтаруға әмір етті. Оған тіпті Хиуадағы Қайып та қосылды. Орынбор әкімшілігі жұмсаған бір тұрақты, бір казак әскері алысқа бармай, орта жолдан қайтып кетті. Ал қазақтар ата жауларын кері қайтарудың орнына, Жайықтан өте бере-ақ төмпештің астына ала отырып, адамының жартысынан, дүние-мүлкі мен малынан түгел айырып, Тарбағатай сілеміне қуып салды. Сөйтіп, қазақтар қалмақ қаупінен ойламаған жерден бір-ақ құтылды. Қашқан торғауыттардың, ең алдымен, Кіші жүз жасақтары 1771 жылдың қақаған қысында әуелі Айшуақ сұлтанның басқаруымен Сағыз алабында, сосын Нұралы ханның бастауымен Ор бойында, сондай-ақ Ойыл басы мен Мұғаджардан шыға берісте ойран-ботқаларын шығарды. (А.Левшин. Аталмыш еңбегі. 251-бет)

Бірақ, қалмақ қуып, еліріп алған қазақтар мінген аттарынан қайта түскісі келмеді. Енді торғауыттардан босап қалған Үш қиянды иемденіп алғылары келді. Шекара шебіне шабуыл көбейді. Соны желеу еткен патша әскері қырға шығып, ауылдарды талады. Мұндай екі жақты «шекаралық барымта» Нұралыны екі оттың ортасында қалдырды. Оған өз сюзерені – орыс патшасы да, вассалдары – қазақ рубасылары да риза болмады. Сөйтіп жүргенде, 1773 – 1774 жылдары Пугачев бүлігі бұрқ ете қалды. Нұралы оның әрекеттеріне көмек те, кедергі де келтірмеді. Атын айтпай қабылдауына келгенде Е.Пугачевты танымаған болып, тұтқындамай, аман-есен жіберді.(Н.Бекмаханова. Көктемір туралы аңыз. А.1983ж. 46-бет) Жалған патша қазақтардың өз жерлерін өздеріне түгел қайтарып беруге уәде етті. Соны пайдаланып, қазақтар Жайықтан өтіп, Еділ сағасына дейін жайлай бастады. Олардың арасында ханның өз ауылы да болды. Бұл қылығын ол Пугачевке байланыстырмай, өрістің жетіспеуімен түсіндірді. 1774 жылы Пугачев жеңіліске ұшырай бастағанда хан мен сұлтандар өкімет жағына шыға бастады. Тек Досалы сұлтанның ұлы Сейдалы ғана Мәскеуде әлдеқашан дарға асылып кеткен Пугачевтың ісін жалғастыра берді.

Көтеріліс кезінде қазақ ақсүйектері солқылдақтық танытқанымен, рубасылардың басым көпшілігі атақоныстарын қайтаруға септігі тиген «жалған патша» жағында болды. Өйткені, 1756 жылдан бастап патша қазақтарды Жайықтың батыс бетіне аттап бастырмай қойған. Қалмақтарға бұл шартты орындамаған қазақтарға қолдарынан не келсе, соны істеңдер деп тапсырма берген. Тіпті Жайықтың шығыс бетіне де келіп, мал суаруға рұқсат етпеген. Теңіз жағалауына да жолатпаған. Пугачев бүлігін пайдаланып, қазақ батырлары оның өшін алып, қара шекпен әскерлерін, қалмақтарды тықсырып, Еділге дейін ен жайлаған. Тіпті Пугачев жеңілген соң да, бұл дәуренмен қоштаса қойғылары келмеген сыңайлы. 1775 жылы Сафура дейтін табын қызы басқаратын «көктемір көтерілісі» шықты. Оған Орта жүздің қазақтары да белсене қатысты. Ол басыла бере, Сырым атқа мінді. Түрік майданы аяқталған соң елге оралған Панин, Бибиков, Суворов сынды ірі-ірі қолбасшылар Пугачевты басып-жаншуға жұмылдырылған-ды. Суворов Царицын түбінде бейтаныс жасақтың қоршауына түсіп қала жаздап, әзер құтылды. Адьютанты Максимович пен біраз нөкерінен айырылды. Ол өзінің зәре-құтын алған, Пугачевтың ізімен барып, Еділ бойындағы бүлікшілерді қайта көтермек болған қазақ нояндары туралы әрі таңғала, әрі ашына жазды. 1775 жылы 22 маусымдағы рапортында А.В.Суворов Сырымды патша әскеріне қарсы қарулы күрестің басты ұйымдастырушыларының қатарына жатқызды.

Сондықтан өз әскеріне орыс шендерін Сырымның шабуылдарынан қорғап қалумен шектелмей, «оның жексұрын қарақшылары қай жерде жолықса да, тып-типыл жойып жіберуді, ал өзі кезігіп қалса, қандай итқиянға қашса да, қуып жетіп ұстап, сол бойда көзін құртып жіберуді» бұйырады. (М.Вяткин. Аталмыш еңбегі. 177-бет) Сол Сырым батыр екі көтерілісті басып-жаншуға, сөйтіп қолға бір түскен атақоныстан қайта айырылып қалмауға жан аямай көмектескен хан-сұлтандарды биліктен тайдырмақ болған-ды. Сырым өзін ұстай алмай өкініп қалған орыс генералының бағасын іс жүзінде растап шықты. Оның тегеурінді күресіне төтеп бере алмаған Нұралы хан Уфаға жер ауды. Онымен есептеспекке амалы қалмаған Орынбор әкімшілігі Кіші жүздегі хан билігін хан кеңесімен алмастыруға мәжбүр болды. Одан Орданы үш бөлікке бөліп, үшеуін үш биге билетуге талпынды. Кейбір ұлықтар бұны пайдаланып, ұлттық мемлекеттік институтын құртып тындыруға құлшына кірісті. Бірақ, бұл ниет орыс монархиясына ұнамады. Хан билігі қайта оралды. Бұған риза болмаған Сырым Хиуаға қашып, Бұхарадан көмек сұрады. Ресейге қарсы соғыс жариялады. Хиуа мен Бұхара ауызша қолдағандарымен, қарулы көмек көрсете алмады. Қайта қазақ нояндарын өздеріне қалқан етіп ұстағылары келді. Есіл ер сатқындықтан мерт тапты. Оның жолын қумақ болғандардың бәрі соның кебін киді. Бөкей хандығының таратылуымен ұлттық мемлекеттілік атымен ұмытылып, басқаға тәуелділік шырқау шыңға жетті. Қазақ билігі ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетті.

Ол тағдырдан маңғыстаулықтар да қашып құтыла алмады.Олар ХVІІІ ғасырда қазақ көрген құқайдың бәрінен де өз сыбағасын алды. Солардың бел ортасында жүрген өз қайраткерлерін өсірді. Сөз болып отырған Шотан Назарұлы – солардың бірі және ең елеулісі еді. 1705 жылы туып, 1786 жылы өлген деп есептеледі. Ендеше оның Ақтабан шұбырынды тұсында атқа мініп, Бұланты, Аңырақай соғысына қатысқаны сөзсіз. Бұхара, Хиуа босқыны мен Еділ, Жайық, Темір, Башқұрт жорықтарында шайқасқан. Ырғыз, Елек, Қобданы босатып, Сыр аяғы мен Хиуа үшін болған кескілестердің бел ортасында жүргені даусыз. Ал қалмақтарды Тарбағатай асырумен олардан босаған жерлерді иемдену үшін болған шайқастардың белгілі сардары болғанын пайымдау қиын емес. Ол, сөйтіп, Жоңғарияға қарсы соғысы мен Ресейге қарсы ұлт-азаттық шайқастарының екеуіне де белсене қатысқан белгілі қайраткер. Алайда, бұл Шотанның жасаған жасы мен сол кезде болған оқиғалардан туындайтын сырт долбар ма? Әлде соны дәлелдейтін нақты деректер бар ма? Бар!

Оның есімі тұңғыш рет орыс-қазақ қатынастарының Пугачев көтерілісіне байланысты құжаттарында кездеседі. Мәселен, Пугачев көтерілісін көп зерттеген белгілі тарихшы Н.Бекмаханова «Көктемір туралы аңыз» деген кітабында: «Біздегі бар деректерде жасақ бастарында Байбақты руының старшиналары Айдар Еселбаев, Сырым, Қара батыр, Атақозы Айтқұлов, Қерақ болған. Беріш руының жасағын старшиналар Икар Итемгенов, Қара Шотан мен Құрбанбай, кердері руынан – Жолан, Батыр, алаша руынан – Баймұрат, ал жағалбайлы руынан – Елбарыс Өміртаев болған деген мәлімет бар», – деп жазады. Аталмыш рулардың сол кездегі өмірінен азды-кем мағлұматы бар адамдар мұнда айтулы батырлардың кейбірінің рулары, тіпті есімдері шатасып кеткендігін бірден аңғарады. Мәселен, беріш батыры Итемгеновтың есімі Икар емес, Қара екені белгілі. Сондай-ақ атақты би, батыр Атақозы Айтқұловтың руы байбақты емес, адай екені алашқа аян. Ал ол заманда беріш руында Қара Итемгенов пен Құрбанбаймен қатар аталатындай Қара Шотан деген батыр, сол кездегі байбақты руында Сырыммен бірге тұратындай Қара батыр деген кісі болды деп ешкімнен естіген емеспіз. Басқа құжаттарда да кездеспейді. Күмәнімізді сейілту үшін түпнұсқаларын тауып (Казахско-русские отношения в ХҮШ-ХІХ веках. А. 1964г. 27-37 беттер) танысып көріп едік. Әлгі дүдәмалымыз дұрыс болып шықты. Онда Нұралы ханның жұмсауымен Еділ бойына, Астрахан түбіне барып қайтқан, жиырма мың қазақ жасағынан жазалаушы әскердің қолына түскендердің Астрахан губерниялық кеңсесі тергеушілеріне берген жауаптары мен сол кеңсенің қазақ арасына жіберілген қызметкерлерінің жазбалары екен. Әңгіме әлгі жоғарыда айтылғандай А.В.Суворовтың Сырым батырға өлердей ызасын туғызған жойқын жорыққа барып келгендердің Еділ бойындағы қылықтары мен алып келген тұтқындары жайында болып шықты. Сондықтан мұнда қазақ арасын білмейтін тергеушілер мен тілмаштар талай нәрсені бытыстырыпты. Тіпті адам аттарын қате жазған. Оның үстіне дәл әлгіндей түбі даулы мәселелер бойынша дәл әлгіндей дүмбілез тергеушілерге жауап бергендер де талай нәрсені әдейі шатыстыруы мүмкін. Тек майор М.Вагановтың рапортындағы Нұралы ханның өз жауаптары біраз нәрсенің басын ашады. Жиырма мың қосынды тілмаш А.Алтышевтың жазуынша, «Ширим мен Саржал», дұрысы байбақты Сырым мен Саржала батырлар, басқарып барған. Алаша Уса Жайықтаевтың айтуынша, олардың арасында ханның күйеу баласы Жәнібек сұлтан мен Атақозы Айтқұлов, Қара Итемгенов деген рубасылары да болыпты. Ал Той Оғлы және Бәйтен Өмірбаев деген сарбаздар Беріш руының «Кара Чотак» басқарған жасағында жүріпті. Шамасы, тергеудегі жауапты татаршаға аударған тілмаш Муса Тойкечеев қате айтып, хатшы Иван Зайцев қате жазып алса керек. Не олар қаратоқа деген ру атын адам аты деп түсінген, не екі есімнің арасындағы үтір қойылмай, екі батырды бір батырға айналдырып алған түрі бар. Әңгіме Қара және Шотан деген батырлар басқарған беріш жасағы туралы болып отырған тәрізді. Өйткені Нұралы ханға жолығып, жағдайды біліп келуге жұмсалған Астрахан губерниялық кеңсесінің өкілі майор М.Ваганов хан ауылына бармай тұрып, Калмыков түбіндегі кердері Қабыл мырзаның ауылында Шотан деген адамға жолығып, әкелген тұтқындар жөнінде мәлімет сұрайды. Ал Нұралы хан оған беріш жасағының бастығы Қара Итемгенов берілген тапсырманы дұрыс орындамай, Еділ бойындағы балықшы батағаларына тиісіп, адамдарын тұтқындап кеткенін мойындап, оның сол жақтан мұз үстімен Маңғыстауға тартып, Айрақты деген жерде қыстап шыққанын айтады. Ал Ваганов жолыққан «Шотан деген қазақ» пен «парсы тұтқыны Наурыз» әлгі жорыққа барған Досалы мен Қара батырдың қолдарында тұтқын жоқ екенін, тұтқындардың екі жүздейі байбақты Айдар Есенбаевта, қалғандары беріш Құрбанбай мен кердері Жолан батырда екендігін айтады. Соған қарағанда бұл құжатты да қағазға түсірген Иван Зайцев «кердері Жолан» мен «Шотан деген қазақты» тағы да шатастырып алып отырған жоқ па екен деген күмән туады. Өйткені, Ваганов Шотанды кердері ауылында жүргесін кердері деп қалуы немесе Жоланды Шотан деп естуі ғажап емес қой.

Ал аталмыш жорыққа Шотан атты батырдың қатынасқанына ешқандай күмән тумайды. Өйткені, Вагановқа қолға түсірілген тұтқындар жайында ең дәл мәлімет бергендердің бірі «Шотан деген қазақ» екендігі айқын жазылған. Екіншіден, ол жорықта болғандардың берген куәліктерінде кердерінің жасағындағы адамдар арасында ондай адам аталмайды. Ал беріш жасағында болған екі куәгер де қайдағы бір «Қара Шотақты» басшы етіп көрсетеді. Ал Нұралы хан ол жасақты басқарған Қара Итемгенов екенін айдан анық айтады. Ендеше оған тіркесіп жүрген «Шотақ» деген кім? Біздіңше, ол – адай Шотан батыр сияқты. Өйткені, ол сол заманды жырлаған ескі ақындар мен ауызекі әңгімелердің қай-қайсысында да беріш Есболай батырмен бірге айтылады. Мұрат Мөңкеұлы да Үш қиян тараптан алғаш рет қоныс барлаған кете Әжібай мен беріш Есболайға жары Шотанды ертеді. Шежірешілердің айтуынша, Шотанның Әжібайға еретіні – әкесі Назар Ақкете Әлмәмбет байдың Алма деген қызынан туыпты. Назардың бәйбішесі – ақкете Болпыш байдың қызы Құбажан екен. Ол етегі қанамай, әкесі Болпыштың түсінде берген аянымен, күйеуіне екінші әйел алып беріп, одан туған баланы өз етегіне орап алады. Ал Әжібай – сол ақкете Болпыштың кіндігінен өрбіген. Ендеше, ол Шотанның тумаса да, туғандай болған нағашысы. Ал, беріш Есболайға еретіні – ол нағыз туған нағашысы. Шотан өзі Есболайдың әкесі беріш Айболат бидің Мақпалжан атты қызынан туады. Ал Қара – сол Есболайдың туған немересі. Есболайдан Табылды, Итемген деген батырлар туады. Итемген батыр жайында ел арасында талай әңгіме бар. Ол бірде алшын батырларымен бірге Сарайшықты шауып келе жатып, жолда айдалада тігулі тұрған жалғыз шатырға аялдайды. Ішінде бір қартайған қалмақ лама мен үш сұлу қыз отырады. Сусын сұраған батырлар кесе ұсынған қыздардан көздерін айыра алмайды. Соны байқаған лама: «Бұлар енді менің қолымда қала қоймас. Жолдан алдым десеңдер – менің кім екенімді жал асқасын білерсіңдер. Қолымнан алдым десеңдер – менің кім екенімді жыл асқасын білерсіңдер!» – дейді. Сөз ләмін аңғарған меймандар: «Ақ батаңызды алып, қыздарыңызды құтты деген орындарымызға қондырамыз. Екеуін арамыздағы екі батырымызға, үшіншісін – еліміздегі бір қадірлі кісіге телиміз», – депті. Шал батасын беріпті. Бір қыз әлгі жорыққа қатысқан табын Бараққа бұйырып, одан бір жылдан кейін атақты Асау батыр, екіншісі беріш – Итемгенге бұйырып, одан сөз болып отырған Қара батыр, үшіншісі жорықшылардың тақымдарына тұлпар салған Қожаназар деген осы жолдардың авторының оныншы атасына бұйырыпты. Ол қойнау толы мал бітсе де, қойыны толып, перзент көре алмай, налып жүреді екен. «Нәресте дауысын естімей өткенім бе?» деп жүрген Қожаназар бабамыз бір жылдан соң егіз ұл, екі жылдан соң үшінші ұл сүйіпті. Сөйтсе, ол үш қыз – Аюкеге пір болған Қара Базан (кейбіреулер Қара Боқан, Қара Ботан деседі) ламаның перзенттері екен. Сонда Қара – менің тоғызыншы атам Таған мырзаның туған бөлесі болып шығады. Сол Қара батыр Шотан батырға бір жағынан нағашы, екінші жағынан күйеутұғын. Қара батыр Шотанның әкесі Назардың бауыры Дәулетәлінің тұңғышы Үсен бидің қызына үйленіпті. Демек Шотанға немере күйеу деген сөз. Үсен би – жары Шотан, бәйімбет Арғынбай мен Төлеп, ескелді Жанұзақ, жеменей Сейіт пен Бегеш, Зорбай Таған, шегем Әжібай, шоңай Бекбаулы, Құнан және басқалармен бірге ақтабан шұбырынды тұсындағы елтұтқалардан қалған Есек мергеннің ауылында жаңа қоныстағы жер-суды әділ бөлісуге қатысқан қазылардың бірі екен.

Қалың байбақты, беріш, керделілердің арасында қосай Атақозы мен келімберді Шотанның жүруі – сол құда болып, құйрық-бауыр жесіскен жегжаттықтан сияқты. Шотанның дербес қолмен бармай, шағын қолмен барып, беріш жасағының ішінде жүруінің себебін өз басымыз солай түсінеміз. Ал, әрі би, әрі батыр, адайдың ғана емес, бүкіл алшынның ағаларының бірі Атақозы неге әйгілі сардар басымен байбақтылардың арасында, өзінен көп кіші балғын батыр, бағлан би Сырым Датұлының қасында жүр?

Оның да себебі әлгі болса керек. Нұралы ханның берген жауабы бойынша, жорықты байбақты Сырым мен беріш Саржала басқарған. Арасында ханның баласы Әділ, күйеу баласы Жәнібек жүргеніне қарағанда, оның да араласы бары байқалады. Бірақ, патша алдында жақсы атақты көріну үшін қазақ қосынын жазалаушы әскерге жіберіп ем, кейбір Қара батыр сияқты қиқарлар айтқанымды орындамай жазықсыз адамдарға жәбір көрсетіпті деп күлбілтелей сөйлейді. Соған қарағанда, бұл қосын көтеріліске қатысқандарды емес, қатыспағандарды төмпештеген сияқты. Царицынға дейін барып, Мәскеуге жазалауға алынып кеткен Е.Пугачевтың өшін қайтармақшы болған қазақ қосындары жайында жазалаушы әскердің бас қолбасшысы П.Панинге жазған рапортында А.В.Суворовтың Сырым батырды патшаға қарсы қарулы көтеріліске қатысып қана қойған жоқ, оны белсене ұйымдастырушылардың бірі болды деп шағынуына қарағанда (М.Вяткин. Батыр Сырым. 1998. 177-бет), әлгі сөзіміздің жаны бар сияқты. Астрахан губерниялық кеңесінің жорықта қолға түскен тұтқындарды індете тексеріп, Жайық бойындағы Нұралы ханға дейін іздеп келіп жауап алуы да соны аңғартады. Жауап берген адамдардың аттарын, руларын шатыстырып, әркім әр саққа бұлтарып, көтерілісті ауыздарына алмай, жай әншейін қазақ арасында бола беретін барымта-сырымтаға барып қайтқан адамдардай сөйлеуінде де осындай гәп жатса керек.

Қайткен күнде де, оңай олжаға көзі қызыққандардың ойда жоқта жасаған аламаны емес, алдын ала әдейі ұйымдастырылған әскери жорық жөнінде сөз болып отыр. Ал аталмыш кезеңде тұрақты әскері жоқ қазақ арасында мұндай жиырма мың кісіден тұратын ауыр қосын сауын айту жолымен жасақталады. Жорыққа кім сардар болса, сауынды сол айтады. Демек, қосынды бас сардарлар Сырым мен Саржаланың сөзін жерге тастамайтындардан түзеді. Әлгі қосын да, жауап берушілердің сөзіне қарағанда, негізінен, беріш, байбақты, керделілерден тұрады. Өйткені, қолдарды байбақты Сырым, беріш Саржала, кердері Жолан басқарады. Үшеуі де сөз болып отырған кезде Жайықтың орта сағасында қоңсылас жүрген үш тайпаның рубасылары. Олардың арасында Қара батырдың жүруі әбден заңды. Саржаланың ең жақын ет бауыр ағайыны. Екеуі де беріш. Оның ішінде қаратоқа. Саржала – Қараның әкесі Итемгенмен, оның әкесі Есболаймен жорықтас болған аға батыр. Ал Қараның қасында Шотанның болатыны да түсінікті. Әрі ет жақын жиен, әрі қан қосысқан қайын. Әкелері түгіл аталары қатар жүріп жайласып, қатар жүріп шайқасқан. Алайда, адай тайпасы ол кезде Пугачев дүрбелеңдерінен алыстау атырапты жайлайтын. Пугачевқа байланысты оқиғаларға тек көтеріліс болған аймақтағы рулардың өкілдері қатысқан. Сондықтан да Шотан аталмыш жорыққа қалың адайды бастап келіп, өз қосынын құрмай, өзінің енші тобымен қимас үзеңгілесі Қараның қосынына қосылған. Олардың жүрген әскери тобын кейбір тұтқындардың Қара Шотан (орыс құжаттары бұрмалап, Қара Шотақ деп жазған) қолы деп атауы да осындай себептен болса керек.

Біздіңше, Атақозы батыр да байбақтылар арасында, Сырым батырдың қасында дәл осындай себеппен жүрсе керек. Ескі деректердің қай-қайсысында да ол Сырыммен бірге аталады. Кейде тіпті ол айтыпты деген сөз Сырымға телініп кетіп жатады. Тарихшы, мұра жинаушы, жазушы Жайсаң Ақбай 2002 жылы шыққан “Ерен Ер-Сырым” дейтін кітабында әділетті қалпына келтіріпті. Ол әңгімеде: “Нұралы ханның тұсында, тіл таңбалы Адай елінде, өзі батыр, өзі би Атақозы деген болған екен. Ұзын бойлы, сіріңке арық кісі екен. Күндерде бір күн хан нөкерлерімен, билерімен адай ішіне барғанда, Атақозы алдынан шығыпты. Сонда хан: “Қырда қазақ, ойда орысты қоймай жүрсең де, бойыңа ас жұқпаған екен”, – дейді. Атақозы абыржымапты: “Кең сабаның бұрышы, кеңестің барып тұрған тұрысы, исің маржан, түкірігің меруерт, артық туған хан едің, жұрт аралап жүргеніңді естіп, ел шетіне алдыңнан шығып, жүз көрісейін деп келіп ем. Рас айтасыз, ханым: мен арық болдым. Өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді, қаралысында қатын семіреді”, – деген. Мен қайтіп семірейін: топтан торай алдырмаймын деп, қазақтың бір тайын кәпірге шалдырмаймын деп, бір түнде тоқсан ойланамын, тоғыз оянамын, мен содан арық болдым”, – депті (96-бет). Соған қарағанда Атақозыны Сырымның қасында жүргізген әуелі жан жақындығы, сосын қан жақындығы болса керек. Аталмыш кітапта “Сырымның анасының есімі Дүрдана, адай руынан”, – делініпті (68-бет). Сол Дүрдана адайда осы Атақозымен сүйектес емес пе екен?! Ел арасында Сырымға “Әкең Дат жаулары тірідей құдыққа тастап кеткен атақты әкесі Шоланның өшін қайтара алмаған мұрыны иіс алмас жаман еді, шешең өңі қара торы болғанымен, күндіз келген жиырма қонақты да, түнде келген жиырма қонақты да риза қылып аттандырған әйелден шыққан данам еді, сен осы кімге тарттың?” – деп сұрағанда: “Анам күндіз келген жиырма кісіні, түнде келген жиырма кісіні қонақ қылып аттандырған адам болса, қырықтың бірі қыдыр емес пе?! Қыдырдан жаралған шығармын”, – депті дейтін. Атақозыны да Сырымның қасынан шырқ айналдырып шығармай жүрген осы нағашылық бауырмалдық емес пе екен деген ой қашады.

Әрине, анықтай түсуді талап етеді. Ал даусызы, Атақозы Сырымның дауласқанда қамшылары бірге жатқан, жауласқанда найзаларын бірге шаншысқан тілеулесі, өз заманында тәуекелге мініп, бірге жыртыс жыртысқан терезелері тең, тізелес тұрғыласы. Шотан мен Қара да сол санаттан. Бұлар алдарындағы Әжібай, Арал, Есболай, Есек мерген сынды алшын қосынын шығыста ойрат, батыста торғауыт, теріскейде естек, күнгейде бұқарлықтар мен хиуалықтар майданына бірге бастап, арман болған атақонысты айқаса жүріп қайтарып, жыртылған жағасын түгендесіп, тесілген іргесін бүтіндесіп, елдің еңсесін көтеріп беріскен шын сүлейлердің сойынан еді. Сондықтан да олар өздерінің қолын армандаған атақонысқа бір жеткізіп, астам ақ патшаның жалын бір жығып берген ержүрек бүлікшінің өшін қайтармақ шапқынға да бірге барып, орыстың атышулы қолбасшысының ызасына бірге тиген түрлері бар.

Олардың замана талқысына талай бірге түскенін даусыз дәлелдейтін басқа да айғақтар баршылық.

Жоғарыда сөз болып отырған құжаттардан біз ол кездегі Кіші жүзде хан билігінің әбден құлдырап кеткендігін байқаймыз. Оған қазақ төрелерінің Пугачев дүрбелеңі тұсындағы қылықтары қатты әсер еткендей. Бұл ел арасында үлкен наразылық тудырады. Әсіресе, Сырым Датұлының “байбақтылардан, шектілерден, адайлардан тұратын шапқыншы топтары сұлтандардың мазасын әбден кетірді” (А.Добросмыслов. Тургайская область... Тверь, 1902, 175-бет). Шекара шебіне шапқыншылық күшейеді. Оны тойтара алмаған Нұралыға патша өкіметінің де өкпесі қара қазандай еді. Соны сезген хан 1784 жылы II Екатеринадан Меккеге барып қайтуға бір жыл демалыс сұрапты. Оған Уфа және Сібір генерал губернаторы А.И.Апухтин: “Орныңызға лайықты орынбасар тапсаңыз, рұқсат етеміз”, – дейді. Жағдайдың нашарлығынан үрейленген өкімет хан дәрменінен күдер үзіп, қазақ арасына 3462 кісілік жазалаушы топ жібереді. Одан Сырым жақтастары саса қоймайды. 1785 жылы олар топтасқан Жем бойына Орынбордан 2760 солдат, Текеден 1250 казак жазалаушы аттанады. Ел іші бәрібір тыныштанбайды. Апухтин кетіп, орнына барон О.А.Игельстром келіп, өлкені билеудің жаңа тәртібін енгізгісі келеді. Оған кіріспес бұрын 1785 жылы ел жақсыларының пікірін білмек болып, жиынға шақыру жібереді. 1785 жылы 21 шілдеде Қобда өзенінің бойына Кіші жүздің жиырма бес руының жиырмасының батырлары мен билері бас қосып, II Екатерина патшайымға үндеу қабылдайды. Онда Нұралы ханның әкесі Әбілқайырдың ұстанған жолын бұзып отырғанын, халыққа құлақ аспай, өз дегенін істеп, ел наразылығын туғызып отырғанын, ол және төңірегі биліктен аластатылған жағдайда ғана патшайымға түгелдей мойын ұсынатындықтарын айтып, мәселені төтесінен қояды.

Бұл үндеуге қол қойғандарға қарап, сол кездегі қазақ қоғамында кімнің кім болғанын айқын ажырата беруге болады. Олар – шекті Құдаш, Сегізбай, Байыт, Нұрбай, Сартай, Жансары, төртқара Өтебай, Қаракөбек, Төлебай, қаракесек Айдарбек, Қаражан, шөмекей Арыстанбай, Ақтан, кете Көккөз, Мақұл, Өтек, алаша Азамат, Сапар, Өтеулі, шеркеш Тұрмамбет, Есенаман, Көсем, Жарқын, таз Құлжабай, ысық Бердәлі, Қаратау, Көсек, адай Атақозы, Өмір, Шотан, Хасан, беріш Қара, Саржала, есентемір Сасықбай, масқар Дөнен, қызылқұрт Жұбан, Жанбай, жаппас Тілеке, Дедіріс(?), байбақты Етес(?), Асқар, тана Сүлтанәлі, Қосдәулет, Малайсары, жағалбайлы Сағыр, Тотай, табын Есіркеп, Тіленші, тама Қадыр, Садыр, кердері Жомақ, Қабыл, Қонысбай батырлар мен билер, күллі қазақ жұртының пірі Әбді Жәлел қожа. Бәрінен кейін, “Әмбе жұрттың шешімін өз құлағымнан естідім. Сенімді куә ретінде өз мөрімді басамын. Сырым Датов”, – деп жазылып, мөр басылыпты (Материалы по истории Казахской ССР. М-Л., 1940.53-бет).

Міне, осынау жойқын топтың ішінде біз сөз қылып отырған Атақозы мен Шотанның да қолы жүр. Ал беріштен Қара мен Саржала қол қойған. Демек біздің жоғарыда айтылған тұспалымыз дұрыс болып шығады. Ел жақсылары бұл талапты сол жылғы 31 қазандағы түсініктеме хаттарында да қайталапты. Онда хан тұқымының астамдығын дәлелдейтін нақты мысалдар көзінен тізіліпті. Солардың әрқайсысына куәлік бере алатын ауызы дуалы адамдар ішінде Сырым, Тіленші, Мұратбек, Сегізбай билер және Әбді Жәлел пірмен бірге Атақозы да аталыпты. Осының бәрін негізге алған О.А.Игельстром алғашқы сегіз жылында әкесі Әбілқайырдың жолын мұқият ұстап, одан кейін халықтан ірге ажыратып кеткен Нұралыны биліктен аластап, не ел билеудің жаңа тәртібін енгізуді, не Кіші жүзге Батыр сұлтанның Хиуаға хан болған баласы Қайыпты хан етуді ұсынады. II Екатерина Нұралы мен Ералыны шақырып, сөйлесіп, не өз еріктерімен биліктен кету керек, не ел жақсыларының талабын орындаған болып кетіру керек болып тұрғандығын түсіндіру қажет дейді. Жалпы, өзінің жаңа тәртіпке көшкеннен гөрі, лайықсыз ханды лайықты ханмен алмастырғанды дұрыс көретіндігін жасырмайды. Бірақ Игельстром ұсынған Қайыпты ол санатқа жатқыза алмайтынын ашып айтады (А.Добросмыслов. Тургайская область... 186-189 бет). Патшаның айтқаны істелді. Ауылдары таланып, жақтастары безініп кеткен Нұралы Уфаға барып бас сауғалауға мәжбүр болады. Істің бұлайша шешілуіне белсене атсалысқандар арасында, жоғарыда көріп отырғанымыздай, Шотан да болды. 1786 жылы 8 қарашада Кіші жүз ақсақалдары шекара бекіністеріне жаппай қаша бастаған тұтқын малайлары мен жалшыларын дереу қайтарып беруді талап етіп, егер олай болмаған күнде “біздің қауым ештеңеден де тайынбайды” деп мәлімдейді. Мұндай қатқыл хаттың астына адай тайпасынан Асан, Атақозы, Қаражан, Есіркеп, Шотан қол қойыпты. Бұл тек ауызекі қоқан-лоқы болып қалмаған сияқты. 1792 жылы молда Әбдікәрім Оразбаев Кавказ иелігінің басқарушысы С.А.Брянчиновқа хатында қазақтардың Жайық бойынан аулаққа безіне бастағанын жазады. Доспамбет деген молда адай руы бүкіл ұлысымен Жайықты тастап, алысқа көшіп кетті, қайтармақ болып едім, тілімді алмады депті.

Нұралы аласталғанмен, жұрт көксеген халық билігі орнай қоймады. 1786-1787 жылдары жаңалықтан дәметкен қазақтар шекараға көп тиіспеген. Игельстром Сырымның шашбауын көтеріп, хан тұқымын билікке жолатпауға тырысқан. Бірақ, қарақалпақты билейтін Ералы мен түрікпендерді билейтін Нұралының ұлы Пірәлі ақсүйектерді аластау саясатына белсене қарсы шықты. Ералы ретін тауып, Сырымды тұтқынға түсіреді. Көсемсіз калған қарасүйектердің бір тобы Нұралыны елге әкелуді жақтаса, бір тобы Кіші жүзді Қайып ханға билету мәселесін қайта көтереді. Есек дәмелі Қайып та Сырымды басты бәсекелесі санап, оның соңына түседі. Осындай жағдайда тұтқыннан босаған Сырым ел арасындағы бұрынғы беделінен айырылып қалады. Одан Игельстром да іргесін аулақ сала бастайды. Өйткені, 1787 жылы орыс-түрік соғысы басталып, Түркия Бұхараны ара ағайын қылып қазақтар қарсылығын өршіте түсуді көздейді. Бұқар әмірі Сыр бойындағы Ералыны, Нұралыны елге оралту жолындағы күреске шығуға айдап салды. Мұндай жағдайда Сырымның тыныш қала алмайтыны белгілі еді. Сөйтіп, оны Ресейге соғыс ашуға итермелейді. Бірақ, Сырым басқа мұсылман елдерінің көмегінсіз мұның мүмкін еместігін айтып жауап береді. Бұқар әмірімен екі ортада болған бұл хат алысуды біреулер Игельстромға жеткізеді. Сөйтіп ара суиды. Оның үстіне барон Нұралының Орынборда тұратын қызы Тойқара сұлуға ауалана бастайды. Қазақтарды әлгіндей айла-шарғылардан аулақ ұстауға тырысқан Ресей 1787 жылдан бастап малдарына ақы төлеп, Жайықтың батыс жағына шығарып қыстауға рұқсат етеді. Нұралы ханды елге қайтару төңірегінде өкімет те ойлана бастаған тұста, 1790 жылы тамыз аяғында, ол дүние салады. Артында он жеті әйелден туған отыз ұл, қырық қыз қалады (бұл да сонда, 201-бет).

Нұралының өлгеніне қайғырғандар тобы жиын құрып, ұлы Есім сұлтанды хан көтереді. Шамданған Сырым Бұқар әміріне қайта шығып, көмек сұрайды. Әмір уәде беріп, орыс шебін шабуылдауға қайта кірісуге кеңес береді. Батыр 1791 жылы Жем сағасында жиын құрып, хан билігін қайта орнатпақ Ресейге наразылық білдіреді. Ел арасына хат таратады. Патшайым қайта дүрліге бастаған елдің алдын алып, 1791 жылғы 29 қаңтарда Ералыны хан тағайындайды. 31 тамызда салт бойынша ақ киізге көтеріледі. Оның жанынан хан кеңесі құрылып, оған Айшуақ пен Ешім, әлім Құран, Төртбай, байұлы Әбіл, жетіру Барғана, Нұрмұхамбет қожа, билер кіреді. Бұл Нұралы тұсындағы хан билігі де, Сырым тұсындағы хан кеңесі де емес, екеуінің көлеңкесіндей қуыршақ үкімет еді. Сырым бұрынғы жауы Қайыптың балалары Абылғазы және Барақпен одақ құрып, орыс бекіністерін шабуылдауға кірісті. 1792 жылы генерал Пеутлингке хат жазып, Ресейге қарсы соғыс жариялайды. Осынша дүрлігіс әкелген Ералы 1794 жылы өліп, Сыр бойындағы бір мешіттің қасына жерленеді. Тақ үшін талас қайта өршиді. Есім сұлтан шекараға тыныштық бермеген батырлардың бірі есентемір Мыңбайды ұстап беріп, хандыққа тағайындалады. Оны Мыңбайдың құныкері деп жариялаған Сырым 1797 жылы 27 сәуірде төсегінде басып, өлтіріп кетеді. Інісі Қаратай ағасының кегін алу үшін Сырымның соңына түседі. Сөйтіп, Әбілқайыр тұқымының ендігі еті тірісі өзі екенін көрсетеді.

Игельстром бұ жолы хандық билікті жою талабына қайта кірісті. I Павел патша 1797 жылы маусымда өлкені басқаруды уақытша хандық кеңеске беру туралы жарлық шығарып, оның төрағасы етіп Айшуақты, мүшелері етіп әлім Сарышоңқай, Боранбай, жетіру Күшікбай, Бітікқабыл, байұлы Сұлтанбек, Шақшақ бекітілді. Ол Қобда бойында тұрақты орын иеленді. Хан кеңесінде мүфти Мұханбетжан Хусайынов өкілдік ететін болды. Кеңес 1797 жылы тамызда Кіші Қобда бойында өз жұмысын бастады. Мұны естіп 29 тамызда мың кісілік қолмен, белгілі билерді түгелге жуық ертіп Сырым келді. Ол соңғы жеті жылда хандық билік салдарынан ел тыныштығы бұзылғанын, енді хандық кеңес құрылғасын шекараға шабуылды тоқтататынын мәлімдеді. Бұған риза болған кеңес әлім Қаракөбек пен байұлы Сырымды кеңеске мүше сайлады. Сол кезде Қара Шоқай би “Алаш!” – деп айқайлап сөз сұрап, хан билігін қайта орнату туралы сөз бастап еді, жұрт айтқызбады. Барон Игельстром хан кеңесіне Нұралы тұқымын жолатпай, басына Айшуақ сұлтанды қойған-ды. Тамыздың сегізінде хан кеңесінің ашылғанын естіген Қаратай басқа жерде жиын құрып, ақ киізге көтеріліп хан сайланады.

Таза рубасыларына билік алып беру талабынан тағы да ештеңе шықпайды. Қаратайдың жолын бөгеу үшін рубасыларының арасында да беделі бар, Әбілқайыр тұқымының жасы үлкені Айшуақ патша тарапынан хан болып тағайындалады. Бұл, бірақ, рубасыларына да, сұлтандарға да ұнамайды. Риза болмай Хиуа асқан Сырым 1802 жылы жұмбақ жағдайда өледі. Сұлтандар қауымында Айшуақ пен Нұралы әулетінің, жасамыс төрелер мен жас төрелердің ортасында бірін-бірі аңдыған алауыздық туады.

Патша өкіметіне де керегі сол еді. Алжи бастаған Айшуақтың хан болуы сұлтандарды түгелге жуық билік үшін таласқа түсіреді. Сөйтіп, рубасылары да, ақсүйектер де өзара жауласып кетеді. Айшуақтың орнына хан болған Жантөрені Қаратай өлтіреді. Шекараға шапқыншылыққа керуен тонау қосылады. Жазалаушы әскерден қорыққан рулар бірінің жерін бірі тықсырып, Жайық бойынан алыс жақтарға қарай көше бастайды. Сөйтіп, Ресейден қашып, Хиуа, Бұхараға, кейінірек Қоқанға бағынатын рулар көбейеді. Мұндай бөліне-жарылу ұлттық мемлекеттің де, халық билігінің де күлін көкке ұшырады. Әр сұлтан өз алдына билік алғысы келеді. Ол үшін біреулері Орынбор әкімшілігіне, біреулері Хиуа хандығына жалбақтайды. Орынборға өкпелеген Шерғазы Хиуадан, Хиуаға өкпелеген Арынғазы Орынбордан қолдау алды. Екі әулет түгілі, бір әулеттің сұлтандары бір-бірімен қырқысты. Тіпті көпке дейін іргелерін ажыратпай жүрген Батыр, Қайып әулетінің сұлтандары бір-бірін шауып, елден қудыратынды шығарды. Олар тіпті Кавказ, Астрахан әкімшіліктерінің көңілін аулай бастады. Мәселен, Бөкей күллі қазаққа арман болған Жайық пен Еділ аралығын солай қолына түсірді.

Ол кездегі Қазақстандағы элиталық партикуляризм мен сепаратизмді пайдаланған Ресей Тәукенің тұсындағы ұлттық, Әбілқайыр, Абылай, Нұралы тұсындағы арыстық хандықтарды одан әрмен жік-жік қылып, қуыршақ хандықтарға айналдырып жіберді. Мәселен, 1816 жылы I Александр Орта жүзде Барақ сұлтанның тұқымы Бөкейдің қарауындағы жеке хандық ашты. 1819 жылы Бөкей, 1821 жылы Уәли өлген соң Орта жүзде хандық атымен жойылды. Оны қайтадан қалпына келтіргісі келген Кенесары арпалысы мерт тапты. Кіші жүз де, 1845 жылы Жәңгір өлген соң, сол кепті киді. Қазақ мемлекеттігі институты XIX ғасырдың ортасына жетпей, түпкілікті жоғалды. Ал қазақ ұлттылығын жоғалтпау ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен қазақ жерінің әр пұшпағында қалған шөкім-шөкім қауымдардың ақыл-парасаты мен күш-жігеріне ең ауыр салмақ болып түсті. Қазақ халқы аумақтық та, мемлекеттік те тұтастығын жоғалтып, Ресейдің Еділ бойы, Кавказ, Сібір, Орал бойы аймақтары мен Хиуа, Бұқар, Қоқан хандықтарының шағын-шағын диаспораларына айналды. Олардың әрқайсысы шектен асқан драматизмге толы жанқиярлық өмір кешті.

Сондай жанкештілік тағдырдың тарихи ұяларының бірі Маңғыстау.

Ондағы мігірсіз күрес үстінде күн өткізетін қайсарлық шежіресін бастап бергендер де – біз сөз қылып отырған Атақозы, Шотандар буыны еді. Олардың хандық билік қамтамасыз ете алмаған этностық аумақтарымызды қайтаруды қарасүйек қауымның саяси үстемдігін, монархия орнына републикалық үрдіс орнатып, ел тұтастығы мен жер тұтастығын қамтамасыз етеміз деген дәмесі Сырыммен бірге өлді. Бірақ, патша қарауына кеткен аймақтарды қайтара алмасақ та, басқаларға кеткен қоныстарды қайтара аламыз деген дәмелерінен айырыла қоймады. Сол жолда ақырына дейін табандылық танытып, өз мақсатына жетіп өткен азғантай қаһармандардың бірі де – Шотан еді. Оны осы күреске мұрындық болғандардың бірегейі Есболай сардардың шөбересі, сол жолда қолына қару алып шайқасқан Итемген сардардың немересі, ал оны жүзеге асырғандардың бірі Қара батырдың ұлы Есет би білмегенде кім біледі?! Сондықтан да, ол Жаскілеңмен айтыспақ болып жүрген Мұрат ақынның аузына Шотанды салып, барлық жай-жапсарды айтып түсіндіріпті. Туған әкесінің қанды көйлек жолдасы, қан құйысқан досы Шотан батырдың өмір жолынан басқалар қателессе де, оның қателесуі еш мүмкін емес еді.

Ал Есболай, Әжібай, Есек, Атақозы, Шотан, Бердібектердің асқан ерлікпен және табандылықпен Маңғыстауды қазақ қауымына қайта қайтаруы – талайлардың талайдан бергі арманы еді. Қазақтар Қасым, Ақназар тұсында этностық аумақтары болған, кейін қалмақтың қол астында қалған атақоныстарына көпке дейін тиіп-қашып тиісіп жүрді. Табын Бөкенбай мен тама Есеттің XVIII ғасырдың қырқыншы жылдарындағы жорықтары нәтиже бермеді. Олар 1740 жылдың күзінде Ор бекінісіне келген генерал Урусовпен келісімге барғанда ұлыстарына қалмақ шауып қанжоса қып кетеді. Батырлар келіссөздің аяғын күтпей, кері оралуға мәжбүр болады. Келесі жылы көктемде соның өшін алу үшін ол кезде қалмақтың қол астындағы Маңғыстауды шабады. Айрақты тауына шығып алып, қорғанған түрікпендерді қоршап алып шайқасады. Ол ұрыста Бөкенбай мерт табады. Бұл хабарды Қуаңдария жағында отырған Әбілқайырға ағылшын көпесі Гок айтып барады. Сол жазда Маңғыстауға барып сауда жасаған капитан Г.Тебелев 1741 жылы 19 маусымда кемеге келген түрікпен рубасылары Мәмбеткелді батыр, Қожаберді бақшы, Сүйінқара Онбегі, Бачабек және басқалар қазақтардың жыл сайын кеп, малдарын қуып әкетіп, маза бермей жүргенін айтады. Әр жерде шөкім-шөкім отырған түрікпендердің адамдарын да атқа өңгеріп әкетеді екен. Олардың келе жатқанын Айрақты және де басқа биіктердің басында қарауыл қарап тұрғандар көреді екен. Ұран от жағып, басқаларға хабар береді екен. Соны көрген халық дереу дүние-мүліктерін өздерімен бірге алып, жақын маңдағы жан-жағы тік жар қорған шыңға көтеріліп, жоғарыдан оқ жаудырып қорғанады екен. Шапқыншылар тауға шығарылып үлгермеген дүние-малды айдап-өңгеріп кері қайтқанда, арт жақтарынан қуып жетіп, айырып алып қалады екен. Соған қарағанда, ол тұста қазақтар Маңғыстауға әлі жойқын шабуылдар жасай қоймаған тәрізді.

Әйтпесе, Мұрат Нияз молланың 1745 жылы капитан В.Копытовскийге берген мәліметі бойынша, түбекте Қамбарбекке 600, Қара батырға 100, Бәубекке 100, Меңлібайға 300 шаңырақ қарайды екен (“Красный архив”. №2, 1939, 229-бет). Мың жарым шаңырақ сол кездегі көкнайзалы қолды дарытпайтындай соншама көп күш емес еді. Шамасы Маңғыстау Кіші жүз қазақтарының нысанасына көпке дейін онша іліге қоймаған сыңайлы. Өйткені, олардың қонысы әлі алыста еді. Әбілқайыр өлгенде Нұралыны ақ киізге көтеруге рубасылары, негізінен Сыр бойының Қарақұмынан, Жем бойы мен Қаракөлден, Борсық құм мен Електен келіпті (Материалы русско-казахских отношений... ІІ-том., 436-бет). Ұлысын кеңейтпек болған жаңа ханның аралдықтармен, түрікпендермен, қарақалпақтармен соғысы Арал теңізінің маңында өтеді. Алайда, “Түпқараған мен Қарабұғаз арасындағы шәудір тайпасына жататын абдал, қожа, егдір рулары мен оларға туыс бозашы, бұрыншық, қара шәудірлер XVIII ғасырда адай қазақтарының тықсыруымен, Ақтау, Қаратау, Бозашыны тастап, ерсары, салыр, сарықтардың жерін тартып ала бастады. XIX ғасырда Батыс Түрікменстанда ерсары, салыр, сарықтар қалмады десе де болады” (История Туркменской ССР., 1967,1-том., 11-бет).

Бірақ, бұл қашан жүзеге аса бастады? Орынбор шекара комиссиясының бастығы А.К.Гейнс 1866 жылы Текеден Жем бойына келіп, адайлар қонысын аралайды. Сонда оған керуенін тонатқан түрікпен саудагері Құлғара Балпанов: “Біз бұл араға үш жүз жыл бұрын Мауереннахрдағы өзбектерден, Хорасандағы парсылардан қысым көріп, көшіп келіп едік. Хиуадан да талай қуғын-сүргін көріп едік. Ал адайлар бізді 1810 жылы алды-артымызға қаратпай, құбылаға қарай қуып шықты”, – деп шағынады. Соған қарағанда, ол XIX ғасырда ерсары, салыр, сарықтардың жерін тартып алып, күнгейге ығысып кететін шәудірлердің сойынан сияқты. Бұл мәліметті онымен бірге жауап берген адайлар да жоққа шығармайды. Ал сонда Маңғыстау түрікпендерін адайлар терістіктен келіп кашан тықсыра бастаған? Мұндай жойқын қимыл туралы тұңғыш дерек 1762 жылы кездеседі. Сол жылы қазақтар Атыраудың мұзының үстімен барып, қалмақтарға ойсырата соққы береді. Олармен көптен бірге отырған 200 түрікпен шаңырағын өздерімен бірге әкетіп, ауыл-ауылдарына таратып алады (А.Левшин. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей”. Л., 1996, 243-бет). Еділ сағасының елі қазақтар тарапынан мұз үстімен келіп жасалатын мұндай теперішті Әбілқайырдың тұсындағы 1746 жылдан бері көрмеп еді. Сыңайына қарағанда, бұл әрекет Жем сағасына жиылған қазақ ауылдарынан жасалған сияқты. Бірақ, ол кезде Кіші жүз қазақтары Жемнің күнгейіндегі Үстірт пен Маңғыстауға кеңінен өрістей қойды деген деректі тарихи әдебиеттен кезіктіре алмай келеміз.

Ондай дерек тек Пугачев көтерілісінен кейінгі 1774 жылы ғана кездеседі. Сол жылғы қаңтарда Еділ сағасына қол салған беріш жасағының басшысы Қара Итемгенов өкімет көңілінен шықпайтын “теріс” қылықтарынан қаймығып, А.В.Суворов басқарған жазалаушы әскердің қанды құрығынан қашып құтылып, қалғандардан бөлініп, қатқан мұздың үстімен Маңғыстауға төтелей салып, Айрақтыны қыстап шығады. Демек, қалың түрікпендер арасына қарулы жасақпен келіп тығылған. Жайбарақат қыстап шыққанына қарағанда, мұнда оны паналататын сенімді орта болған. Қазақ ауылдары болған. Олар Айрақты тауының маңында отырған сияқты. Дәл осындай ойға тағы бір жәйт итермелейді. Дәл сол жылы тұсында Пугачевпен келісімге келіп, көтеріліс жеңген жағдайда баласы Сейдалыны Кіші жүздің ханы қылып қоюға уағдаласқан Досалы сұлтан да Маңғыстауды келіп паналаған (Н.Бекмаханова. Көктемір туралы аңыз... 112-бет). Неден де болса тайынбайтын жеңгесі, Әбілқайырдың әйелі, өзінен көп үлкен, Бопай ханымға мансапқорлық мақсатпен, әмеңгерлік жолымен үйлене жаздаған (Материалы по истории Казахской ССР, 2-том, 2-бөлім, 421-бет) аққаптал сұлтан қанша көк жұлын болса да, жазалаушы әскер ұстап алады деп, өзі билейтін жетіру арасынан безіп кетіп, байұлы руларының ығына кеп тығылады. Ендеше, ол шалғайда оқшау отырған адай мен беріш ауылдары еді. Ол екі ауылдың аталмыш кезеңде майлы қасықтай араласып кеткен түрі бар. Беріш Қара Итемгенов пен адай Шотан Назаровтың өзара туыстығын жоғарыда айттық. Олар түгілі аталары Есболай мен Назар екі туып, бір қалғандай жұп ажыраспас дос болыпты. Есболай адайды қайын қылады екен. Ал Назардың бәйбішесінен перзент көрмеген соң, беріш Айболаттың қызын алып, батыр Шотанды содан сүйгені жоғарыда айтылды. Сол Айболат сөз болып отырған Есболайдың туған әкесі еді. Беріштен Байсейіт, одан Тілес, одан Қаратоқай, одан Андағұл, одан Айболат, одан Есболай туса, Шотан Есболайдың туған қарындасынан не апасынан туған жиені болып шығады. Есболай оны ертпегенде кімді ертеді?! Есболайдан туған Итемген мен оның ұлы Қара апаларының ұлы Шотанмен бір қосын болмағанда, кіммен бір қосын болады?! Жөн білетіндер ол қосынды Қара мен Шотанның қолы десе, жөн білмейтіндер Қара Шотан, тіпті Қара Шотақтың қолы деп, екі кісіні бір кісі деп ұғып, шатастыратыны да сондықтан болса керек. Не де болса, Астрахан түбіндегі сол бір шатақты жорықтан бір жағы туған жиендері Назар балаларын, бір жағы түрікпендерді сағалап келсе керек. Өйткені, әкесі Итемген мен бауыры Табылды түрікпеннен қыз алыпты. Табылды алған түрікпен Сүйін батырдың қызынан ақиық Құлбарақ батыр туыпты. Абыл ақынның Құлбарақ өлгенде, бір жағы нағашы-жиендікке сүйеніп, екіншіден, есіл ердің қапиядан келген жаудан қаза тапқанына күйініп: “Ар жағың ер Есболай, Итемгеннен, келгендей айқын жүйрік ит өлгеннен. Қайтпады қайран ерлер қауымына, ажалға өзі барып сүйкенгеннен. Құлбарақ туып еді Табылдыдан, жау көрсе жаман қашар жабындыға. Барды да, батыр жауда қапыда өлді, тиді де ажал оғы қағындыдан”, – дейтіні де сондықтан. Беріштің аты ұранға айналған Ағатай батыры да баласы Боқайға түрікпеннің қызын атастырыпты. Боқай соған ұрын келіп жүргенде түрікпенді шапқан қызылбастармен соғысып мерт болыпты. Белгілі Бегалы батыр сол кезде іште қалған бершімек екен. Ағатайдан туған ұлдар – Боқай, Айболат, Хауат, Атығай. Бірақ Шотан батыр Ағатай ұлы Айболаттың қызынан емес, қаратоқа Андағұлұлы Айболаттың қызынан туса керек. Қарға тамырлы қазақ деген осы!

Біздіңше, сонау 1774 жылы жазалаушы әскерден ығысқан Қара Итемгенұлының Маңғыстау түрікпендерінің арасына еш қымсынбай келуінің ар жағында әлгіндей сүйек шатыстық жатса керек. Ол 1770 жылдары шамасында 1767 жылғы жәуміт шапқыншылығы тұсындағы екі қауым арасындағы шиеленістің райы қайтқандығын байқатады. Өйткені, сол 1770 жылы Маңғыстау түрікпендері Нұралы сұлтанның ұлы Пірәліні өздеріне хан болуға шақырады. Жәуміт түрікпендер, Хиуа тарихшысы Мүніс Ағекенің айтуынша, “Дешті Қыпшақтағы сол кездегі ең құдіретті билеуші болып табылатын” Нұралыны Хиуаға хан қылып қою арқылы, аралдық инактарды биліктен тайдырып, өз ықпалдарын күшейтпекші болады. Тек жәуміт инак Мұхаммед Әмин ғана емес, қай түрікпен игі жақсысының да әлгі тұста Нұралының негізгі тірегі болған байұлының белді рулары беріш пен адайдың игі жақсыларымен сүйек шатыстыққа жаппай ұмтылуының арғы сыры осында жатса керек. Пірәлі әп дегеннен әкесінің ордасын тастап, Сарайшыққа барып, әрлі-берлі сапар шеккен Хиуа керуендерінің бұйдасын өз қолына алады. Дәл сондай сауда керуендері көп жүретін аймақ – Маңғыстау еді. Ондағы тізгінді де тек түрікпендердің қолына беріп қоймас үшін, Пірәлі өзі өскен байұлы ортасынан сенімді адамдарын рулы-елдерімен сонда жұмсаған ба деген ой келеді. Есек, Атақозы, Шотан, Есболайлар бастаған адайлар, беріштер Маңғыстауға әуелде солай барып қалғандай. Олардың алғашқы сапарында таутайлақ, айдаһар, жезтырнақпен алысқандары туралы аңыз бар да, түрікпендермен айқасқандары туралы аңыз жоқ. Тіпті түбек құлазып бос жатқандай әсер етеді. Ондай “Қармыс батыр”, “Байбоз-Жанбоз”, “Балуанияз” дастандары кейінгі XIX ғасырда туады. Соған қарағанда, бастапқы кезде екі ортадағы қарым-қатынаста дипломатиялық сипат басым болған сияқты. Түрікпеннің ханы Құттық Сейіттің Қара Итемгенұлына арнайы жер беріп, көшіп келген адай мен беріштерге басшы қылып қойыпты-мыс қисыны да осыдан туындап жүрсе керек. Ол кезде түрікпеннің әр руы әр жақта өзі би, өзі қожа болып жеке жайлап жүреді екен. Сондықтан қай рубасы да хан аталады екен. Құттық Сейіт сондай көп ханның бірі болса керек. Ал Пірәлі Иран шахына мойынұсынбайтын, көбіне-көп Ресеймен татулықты ыңғайлайтын тайпалар тобына хан сайланған сыңайлы. Ол 1745 не 1746 жылы туып, 1752 жылы бес жасында патша қолындағы аманат болып, Op қамалындағы Айшуақты алмастырады. Екі жылдан кейін әкесінің ордасына қайтып келеді. Бір құжатта 1770, екінші құжатта 1772 жылы Маңғыстау түрікпендері хан етіп сайлайды. 1784 және 1791 жылы екі рет патшаға өзін, қол астындағы елімен бірге, Ресей бодандығына алу туралы хат жазады. 1802 жылы Александр оны Маңғыстау түрікпендері мен адайлардың ханы етіп бекітеді. Соған қарағанда ол әуелі түрікпендердің, сосын басым көпшілігі Маңғыстауға көшіп келген адайлардың да ханы атанған түрі бар. 1803 жылдан Теке маңында көшіп жүріпті. 1805 жылы дүние салыпты (“История Букеевского ханства”...998-бет). Ол негізінде, Маңғыстауды адай, түрікпен сардарларына сүйеніп басқарып, өзі көбіне-көп Жайық бойында тұрған секілді. Маңғыстауға келгенде Айрақты тауында орда тіксе керек. Орыс құжаттарында кейде оны “Пиралы Айраклинский” деп атайды. Түрікпен ханы болса да, қазақ ордасындағы саясатқа белсене араласқан. Ел мен жер тұтастығын, хандық билікті жақтаған. Елді бөліп әкетті деп Бөкейді ұнатпаған. Орынбор әкімшілігінің Нарыннан Жайық өзенінің шығыс бетіне қайта өткендерге тыйым салуын жақтамаған. Нұралыны елге оралтуға, Ералыны хан қоюға көп күш жұмсаған. Оның тұсында қазақ-түрікпен арасы бейбіт болғандай. Ол өлген соң ондай жарастықты қатынасқа қылау түсе бастағандай.

Оның тұсында адайлар көпке дейін ойға құламай, Үстірт үстінде жүріпті. Ол кезде сандары әлі көбейе қоймаған. Олармен ащыласып жүрген жәуміттер Хиуаның шебін тастап, Хорасан ауып көрген. Бірақ, ол тараптан да бос жатқан жер таба алмай, Пірәлі қайтыс болар тұста Хиуа тарапына қайта ауалана бастаған. Үстірт үстінің өрісі мен қыстаулары аталмыш кезеңде қазақтар қалай көшіп-қонамыз десе де, жеткілікті болған түрі бар. Оның үстіне, қырда өздері сияқты көшіп-қонып жүрген шәудірлер мен жәуміттермен суат пен өріске байланысты қайта-қайта ұстасып қалып жатса да, базарларына істері түсетін ойдың отырықшы түрікпендерімен тату болуға тырысқан секілді.

Ауызекі деректерде, адайлар Маңғыстауға қарай көшкенде мың шаңырағы, араларында алпыс батыры бар ру екен дейді. Ал А.К.Гейнстың 1866 жылғы күнделігінде, олардағы шаңырақ саны 10 мыңға жетіпті (Собрание трудов А.К.Гейнса., Сб. 1898, т.2., 36-бет). Ақсақалдардың айтуынша, маңғыстаулық түрікпендер мен адайлардың арасындағы шырықты бұзған Хиуаның ханы көрінеді. Атақты батыр Атақозы ойдағы Құттық Сейіт хан адайлармен өзара келісімді бұзып, Хиуа ханымен ауыз жаласа бастапты деп естиді. Батыр бір жігітті жалшы қылып киіндіріп, түрікпендер арасына жібереді. Ол бір түрікпен байына жалданып, есігіндегі малай боп жүріп, бар сырды біліп алады. Ретін тауып, Атақозыға қашып келеді. Атақозы Өтес сайында отырған Саназар байға барып, жылқысын аралайды. Алыс жорыққа, ауыр салмаққа қыңбайтын тұлпар іздейді. Саназар бір тұрқы ұзын жирен атты көрсетіп: “Енді бір айналып соққаныңда осы жарап қалады-ау”, – дейді. Уәделі кезде қасына Лабақ дейтін батырды ертіп тағы келеді. Лабақты әлгі жиренге мінгізіп: “Құттық Сейітті өңгеріп әкел!” – дейді. Лабақ түнделетіп Қарауылкүмбет дейтін айғыржалға жетеді. Төбесіндегі қарауыл қарап тұрған шолғыншыны қақ төбесінен бір қойып сұлатады. Ертесіне мың атты ноянды қыр астында жаттықтырып, өзі тағы бір қырдың астында жалғыз сенделіп, ойланып жүрген Құттық Сейітті көреді. Сай табанымен жасырынып барып, өңгеріп әкетеді. Мың атты Үстірттің ернегінен асқанша артынан тырағайлай қуып, жете алмай қалады. Жағдайды айтып, Хиуа ханына шапқыншы жөнелтеді. Лабақ Жем бойындағы Атақозының ордасына кірсе, Хиуа ханынан суыт келген жаушы отыр екен. Қол-аяғы кісендеулі Құттық Сейітті итеріп кіргізсе, ол төрде отырған Атақозыға көз салмастан, жаушының аяғын құшып, Хиуаға бағынатынын айтып, көмек сұрап барқылдай жөнеліпті. Шамданған Атақозы Лабаққа қасын жиырып ымдапты. Лабақ қынынан қылышын суырып алып, Құттық Сейітті бір-ақ шауыпты. Дереу нояндарын атқа қондырып, Үстірт шыңының ернегіне келсе, айлапат ойдан әрлі-берлі қыбырлап жүрген бірде бір қарайған көрінбепті. Масаттанған батырлар түрікпендер бұлардан қорқып алдын ала безіп кеткен екен деп ойлап, бұрын барып жер иемденбек болып, ойға қарай бет-бетіне шаба жөнеліпті. Сөйтсе, әр төбенің тасасында әр батырды аңдып, бір-бір мерген тұр екен. Көп сарбаз бекерден бекер жайрап қалыпты деседі. Солардың біреуі Бердәліні ұзыннан-ұзақ сұлаған Қаратаудың шығыс тұмсығынан айналып өте бергенде, Құлат деген түрікпен мергені желкесінен атып жер құштырыпты. Дәл сол төбенің қасындағы құйқалы бұйратта талай көктемде көшіп барып, қой қоздатқан малшы ауылда, қой сауғанда қозы салысып өсіп едік. Біреулер әлгі жер талапайда батырлардың әбден есіргендері соншама, осы көштің бұйдасын өзі ұстаған Шотан батырдың өзіне жер қалдыруды ұмытып кетіпті деп естігенбіз. Бірақ, Бозащыдағы Қаратөбе маңында Шотан құдығы дейтін суат бар.

...Құттық Сейіт ханның айдау жолдың жиегіндегі жермен-жексен төмпек моласының қасынан бала күнімізде талай өттік. Терістігіндегі Қаратау бөктерінде Қызылтам дейтін қыштан салынған көне кенттің орны болушы еді. Қақ маңдайында Ноғайтөбе дейтін кебір жал жатушы еді. Ноғайлар тұсында бек, қалмақтар тұсында тайшы, түрікпендер тұсында хан отырған кіндік қоныс десетін. Көне зиратында қонжия-қонжия жайғасқан тас арыстандар қаптап тұратын. Қасындағы бұлақтарының аттары қызық еді: Шоң, Онды, Дойдан, Қойлан, Құйжақ, Өңеже... Содан түстікке беттеген жолдың бойында Құттық Сейіттің елеусіз моласы бар. Көне жол Ақшоймақ аталатын жайпауыт кезеңнен өтіп, бидайығы мен еркегі белден келетін қара сауыр айғыржалға тіреледі. Ол – әлгі бек, тайшы, ханның жаз жайлайтын жері деседі. Аты – Көрікті төбе.

Мен тумай тұрып Сібір айдалып кеткен Бегей атамның бәйбішесі Теңге анамыз ертеректе біздің Ондыға келді. Ол кезде жұрт жаз шыға киіз үй тігіп, жал-жалдың басына көшіп алады. Әрқайсысының арасы бес-алты шақырым жер. Солардың біреуіне қонып, біреуіне түстеніп, ағайын аралайтын Теңге анамызға мен жолсерік болдым. Жүрісі жайлы айыр түйеге шыр айналдыра текемет қоршап, әбден жайғасып алып, әңгіме соғамыз. Теңге анамыз – етжеңді, қызыл сары өңді, бетінің нұры тамған келісті бәйбіше еді. Сонау 1925 жылдары атасы Жаманқұлға Сай-Өтесте берілген асты, содан күйеуі Бегей атамыздың қалай істі болғанын, одан біздің тұқымның Арқаға асып, түрікпен асып, қалай азып-тозғанын көзін бір шылап алып, күңірене баяндайтын. Сонда әжеміздің айтқан бір әңгімесі әліге дейін құлағымда. Әлгі айтылған кепке әрі ұқсайды, әрі ұқсамайды. XVII ғасырдың аяқ шамасында адай арасына Назар дейтін қожа келіпті. Әр рудың белгілі ақсақалдары сол жылы туған бір-бір немересіне киелі пірадардың құрметіне Назар, Қожаназар, Саназар, Қожагелді, Қожантай, Қожағұл деп ат қойыпты. Солардың бәрі де кейін ел-жұрт жақсы білетін нысаналы тұлғаларға айналыпты. Әсіресе үшеуі асқан бай, дүркіреп өскен тұқым ретінде танылып, “адайды адай еткен үш Назар” атаныпты. Олар туралы жұрт: “Жылқыға ие айғырдың санын жүздеп, қойға ие төбеттің санын мыңдап санай алмадық демесе, тағдырға басқа өкпелері жоқ шығар”, – деп отыратын. Біреуі Бозашының құйқалы құмақ ойын, біреуі Қаратаудың терісі мен шығысындағы тұщы бұлақтар мен бұйрат-бұйрат өрістерін, біреуі Қаратаудың күнгейіндегі суы мол бұлақтары мен теңізі қыста қатпайтын оң жағаны жайлапты. Қазақтардың байлары мен түрікпеннің бектеріне түгел сыйлы болыпты. Соның біреуі жоғарыда айтылған Атақозы тұлпар іздеп баратын Саназар болса, біреуі сөз болып отырған Шотанның әкесі Назар, үшіншісі ноғайдың бегі, қалмақтың тайшысы, түрікпеннің ханы кезек-кезек мекендеген Қызылтам мен Онды аз болғандай, теңіздің жылы жағасын емін-еркін иемденген Қожаназар дейтін бабамыз екен. Соның Сарайшық шапқан алшын батырлары әкеліп сыйлаған қалмақ ламасының Ақсолым дейтін қызынан туған Таған дейтін баласына түрікпеннің Әжнияз дейтін бегі Қаратау мен Үдектегі талай бұлақ пен құдықты тегін сыйлапты. Мыңғырған бай жазда Жемнен асып, Орал тауының аяғындағы алаптарға жайлауға кеткенде түрікпен тамырлары бір баласын қолдарына аманатқа ұстап қалады екен. Көпжасар деген тұңғышы аманатта қалғанда анасы – Сауран айналған әуре-сарсаңда көштің басын баяғы атамекенге бастаған үш сүлейдің біреуі, Үстіртке келгенде тас қорыған таутайлақ, ық қорыған жезтырнақ, су қорыған айдаһар, ну қорыған жолбарысты атып, жаңа қонысты “перінің салқынынан” тазартып, сауаптап берген атақты мерген Есек батырдың қызы Жығабике анамыз “Көпжасар – тұла бойы тұңғышым еді, ұрпағымның басы еді”, – деп баласын жаушы жіберіп қайтарып алыпты. Орнына Қожаназардың қалмақ келінінен туған атақты палуан Қарабай деген ер көңіл немересі өзі сұранып барыпты. Бірақ алты айда қайта көшіп келетін елін ол да сағынып, жемдеулі тұрған екі аттың біреуін мініп, біреуін жетектей қашып, артынан қуғын келсе, арашалап алып қалады ғой деп, әкесі Тағанның Жем бойындағы қайынжұрты – Қосай Байболдың қос марқасқасы Есек пен Атақозыға барыпты. Теңге анамыздан: “Аманат ұстағаны несі?” деп сұрағанымда: “Қазақтар Маңғыстаудың ойына құлағасын, түрікпендер теңіз жағасына барып шоғырланыпты. Қалған жерді көшіп келгендер иеленіп, Шығыстан тиісетін Хиуаның, түстіктен тиісетін басқа түрікпеннің, терістіктен тиісетін қазақтың басқа руларынан қорғап отырыпты. Жазда олардың қырға көшіп кеткенін естіп, жер-сулары мен қора-қопсысын иемденіп кеткісі келетін көлденең қызыл көзге байырғы түрікпен бектері: “Бұлардың иелері бар. Ертең қайтып келгесін өз қоныстарын өздері бәрібір тартып алады”, – деп әлгі аманаттарды көрсетеді екен. Сонда барымташылар жүректеріне жүн байлаған болмаса, “пәлесінен аулақ”, – деп өздері-ақ тайып тұрады екен”, – деп еді. Бұл екі аңыздың қайсысы шындық, қайсысы қиял екенін бір Алла білсін?! Алайда, жергілікті бектер теріскейден келген қазақтармен тіл табысып, балық аулап, тұз өндірген байырғы кәсіптері мен ежелгі сауда жолына иелік еткендерін қанағат қылып, қазақтардың өз қыстауларын өздері қорып, өз өрістері үшін өздері күрескеніне пейіл болыпты. Сондықтан, түрікпеннің дәулеттілері қазақтардың игі жайсаңдарымен тамыр-таныстыққа, құда-жегжаттыққа ұмтылып, түздің барымтасынан соларға сүйеніп сақтануға тырысқандығы рас сияқты.

Мен бала жасымнан естіген бұл гәп түрікпендер арасында да сақталған екен. Жуырда академик К.Н.Аманиязовтың “Туркмены Мангышлака” дейтін 2004 жылы шыққан кітабын оқып отырсам, Орта Азия пайдалы қазбаларын зерттеуге үлес қосып, күллі Кеңес Одағына кеңінен танылған әйгілі ғалым Маңғыстаудың абдалы екен. Бабалары Мұхаммед пайғамбарым тумай, Шыңғыс ноянның аты шықпай тұрғанда-ақ, Тұранда тақ мініп, тәж киген, одан кейінгі замандарда да араларынан Нәдір шах, Ахмет шах Дурани, Мохамед Захир-шах, Мохамед Дауд, қазіргі Хамид Карзай шыққан бекзат әулеттен тарайтын автор әлгі біз әңгіме қылып отырған кезең туралы айта келіп, аталары Жаналы бек Қожаназар Жаңай деген қазақпен дос-біліс болғанын, ол қайтыс болғасын ұрпағы жұтап, ұлдары Астрахан барып кәсіп қылғанын сөз етеді. Сонда Жаналының ұлы Атаназарды таныған бір түрікпен: “Бұнда неғып жүрсің? Одан да еліңе оралып, қазақ Қожаназарға бармайсың ба?!” – депті. Атаназар ақсақалдың ақылын істепті. Қожаназар қуана қарсы алып, алдына мал салып, әйел алып беріп, қайта дәулеттендіріпті (50-бет). Автор бұл әңгімені 1956 жылы Ашғабадта жүріп бір қария туысынан естіпті. Соған қарағанда тағдыр тар жер мен тар заманда табыстырған екі елдің ол кезде екеуінің басына түскен дәурен де тап оңай болмаған сыңайлы.

Есек, Атақозы, Бердібек, Итемген, Табылды, Лабақ, Шотандар ауылдарын “айладырдың ала қыры” Үстірт пен Маңғыстаудың үш түбегіне ие етті. Ол әрине, оңайға түскен жоқ. Ал бағзыдан қалған атақонысты қайта иемдену қандай қиын болса, одан қайта айырылып қалмай, ұстап тұру одан да қиынға түсті. Жау шапқанда еліре күркірейтін тентегі жоқ ел дауыл соққанда делдие керілетін желкені жоқ кемедей құрдымға кетеді ғой. Батырлық алып берген жерді батырлық қана баянды мекен ете алыпты. Еліне кие, жеріне ие болған ерлердің бірегейі, жары Шотанның қадір-қасиетіне толық қанығу үшін одан бұрынғылардың бастан кешкендерін қандай жан-жақты білу керек болса, одан кейінгілер кешкен кесірлі кептерді де дәл сондай жете білу керек сияқты.

Әуелі істі насырға шаптырған Хиуа хандығы болды. Олар әуелі көшпенді малшы қазақтардың Үстірттегі көшпенді көршілері – Хиуаның теріскей батысындағы шәудірлер мен күнгей батысындағы жәуміттерге күн бермеді. Бұқар тарихшысы Әбдікәрімнің айтуынша, Елтүзер оларға: “не Хиуаның басқа тұрғындары сияқты мүлкің мен табысыңнан салық төлейсің, не Хиуаның аумағын тастап, аулаққа көшесің”, – дейді (“История Туркменской ССР, т.I. книга вторая. Ашх., 1957, 68-бет). Момын жағы көнеді, еті пысық жағы “бүйткен Хиуа құрысын!” – деп, шөлге қашып, онда зорға күнкөріс қылып жатқан өзге көшпенділерге тиісті. Әрине, бұл Үстірттің тырбық шөбі мен шыңырау құдығынан нәрем айырып отырған қазақтарға оңай тимеді. Бірақ, жәуміттерге бүйтіп көзтүрткілік жасау өзіне зиян болмаса, пайда емесін қиқар хан көп ұзамай түсінді. 1806 жылы Елтүзер жәуміттерді ескі қоныстарына қайта шақыра бастады. (П.П.Иванов. Очерки по истории Средней Азии.М., 1958, 153-бет). Ондай жалаң қылыш сайыпқырандарды өзіне кіжіндіргенше, өзгелерге кіжіндіріп, сырттан келетін қауіп-қатердің жолында қалқан қылып пайдалануды жөн деп тапты. Хиуа әскерінің басым бөлігі қай уақытта да түрікмендерден тұрыпты (Бұл да сонда, 159-бет)

Теріскей батыстан келген қазақтар шекарасына дейін келіп жайлап, іргесіне ши жүгірте бастағанда, Хиуа хандары бұрын ол тараптан құмырсқа жорғалатпай отырған шәудірлер мен абдалдардың да қадірін бір-ақ біледі. Ауылда таптырмайтын диқан, жолда теңдесі жоқ керуенші саудагер, жорықта жанқияр жауынгер бұларды жоқтан өзгеге бола өкпелетіп, өзіме қарсы салғанша, қаралай жүйкемде ойнай бастаған қазақтарға неге қарсы салмаймын деп ойлаған жаңа хан Мамед-Рахим оларды жалынып-жалпайып баяғы орындарына көшіп келуге шақырды. Жер берді, су берді, сардар қылып сауырынан қақты. Ол аз болғандай қазақтардың арасында қалған маңғыстаулық түрікпендерді азғырды. Әуелде сүттей ұйысып, судай сіңісіп отырған Құттық Сейіттің түс көрген сәуріктей аяқастынан мінез шығаратыны да осы тұс болса керек. “Айладырға” әкелетін ақ сауыттар тозып бітпей тұрғандағы, екі ғасыр тоғысында, Құттық Сейіт мерт таппай тұрғандағы Боздақ, Ұланақ, Жалбарт, Түлкілі қырғындары содан шыққан-ды.

Пугачев көтерілісіне дем берген қазақ көсемдерінің ұстатпай кеткендері былай тұрып, Көктемір, Сырым, Жоламан, Тіленші, Арынғазы, Шерғазы-Едіге, Есет, Бекет, Жанқожа көтерілістерін өрбіткені де, Кіші жүз қазақтарының Хиуа мен Бұхара тізгінін ұстамақ ойлары да, оларды орыс боданы деп санап, жан-тәндерімен қарсы шыққан Хиуа, Бұхараның өршелене қайрат қылғаны да патша өкіметіне ұнай қоймады. Шығыстан келетін қауіп пен қатердің алдын алу үшін олардың негізгі ұяларына жетіп алатын ұтымды жолдар қарастырыла бастады. Ондай басты бағыт үшеу деп табылды: Хиуа, Бұхара, Ташкент. Ол үшеуінің көзіне құм құйылмай тұрып, патшалық империяның Қиыр Шығыс пен Азияға дейінгі іргесі кеңімек түгілі қолдағы шекарасына тыныштық бұйырмайды деп есептелді. Оларға қазақ даласы арқылы аяқ іліктіретін үш жол бар деп табылды. Ташкентке Абылай салдырған Қызылжар, Бұхараға Әбілқайыр салдырған Орынбор арқылы жетуге болады. Ташкентке баратын жолдағы ең үлкен қиындық – қаныңды кептірер Бетпақтың шөлі, Бұхараға баратын жолдағы ең үлкен қауіп – найзасы шошаңдап, камшысы салаңдаған қазақтың өзі деп танылды. Ал Хиуаға жету үшін атымен жаңа қала салу керек деп ұйғарылды.

Оны салатын жер таңдау үшін 1805 жылы генерал-майор Фелькерзам Жемнің сағасы мен Түпқараған түбегін аралап көрді. Ол Петерборға барып, бекініс салуға Түпқараған қолайлы деп тапты. Оған адмирал Мордвинов қосылмады. Ол Кавказ бен Орта Азияны теміржолмен байланыстыруды ойлап, әлгіндей қаланы Қызылсу шығанағынан салғанды дұрыс көрді. Екіұдай пікірді сараптау үшін 1819 жылы Н.Муравьев Балқандағы Қызылсудан Хиуаға дейін барып қайтты. Ол кездегі Хиуа ханы ондай қаланы өзіне ұрымталырақ Маңғыстаудан салуды қалады. Бірақ, оны Грузияны басқаратын генерал А.П.Ермолов қолайламады (Н.Халфин. Россия и ханства Средней Азии. М.,1974. 126-130 беттер). Әлгі бекініс 1820 жылы Қызылсу шығанағында бой көтерді. Мұны естіп, Иран өкіметі шатақ шығарды. Қайтадан Каспийдің шығыс жағалауының теріскей бөлігін барлап көру ұйғарылды. 1825 жылдың қақаған қысында Ф.Ф.Бергтің экспедициясы Сарайшықтан Үстіртті бағыттап жолға шықты. Оған елді де, жерді де зерттеп көру тапсырылды. Ф.Ф.Берг екі ортаны адам аяқ баспас құла түз қылып көрсететін ескі көзқарасты жоққа шығарды. Жергілікті тұрғындарды әрлі-берлі жүргіншілерді аттап бастырмайтын қандыбалақ қарақшы деп түсінетін пікірге келгенде екіұдайылық танытты. Аталмыш кезеңде аталмыш өлкеде екі халық тұратын еді. Ғалым-полковник екеуі туралы екі түрлі әсерде қалды. Маңғыстау түрікпендері жаңа қала оларға Хиуадан да, іргедегі адайдан да аман сақтайтын пана болады деп санады. Бұған Берг құрақ ұшып қуанып қалды. Ал қазақтар Жайық бойынан алыстағалы құлағымыз тыншиды ма деп жүргенде қара шекпен қазақтардың қайтадан іргелерінен бір-ақ шыққанын жақтыра қоймады. Соны бірден байқаған Берг қаһарын төгіп бақты. “Теңіздегі орыс балықшыларын ұстап, Хиуаның құл базарына сатып жүр” деген сылтаумен Жем аяғындағы ауылдарды 8 күн бойы талады, 266 қазақ тұтқынға алынып, Теке қаласына айдалды. Жолда он үші босатылып, екеуі зорығып өлді, отыз үші атылды, қалғаны шекара комиссиясына тапсырылды. Олардың әрқайсысының қылмысы үшін рулы елі жауап беретін болды. Егер олар Хиуа ханымен сөйлесіп, бір орыс тұтқынын босатып бере алса, әлгі тұтқындағы ағайыны босатылатын болды. (Первые русские научные исследования Устюрта.М.,1963. 205-224 беттер. ҚММ, 4- қор, 1т.-237-бет, 10-бет). Бұл, бір жағынан, экспедицияға қазақтар ешқандай қауіп келтірмеуін көздесе, екінші жағынан, оларды хиуалықтармен араздастыру үшін істелген айла еді. Өйткені, қашқан башқұрттарды қырып-тонаған, босқын қалмақтарды кайтарудың орнына Алтайға дейін желкелеп қуып, қырып-жойған, бүлікші Пугачевты қолдап, бір көтерілістен соң бір көтеріліс өрбіткен, орыс керуендері мен балықшыларына әзірейілдей төніп, Орта Азияға қарай аттатпай қойған көшпенді қазақтар патшалық Ресей үшін шығысқа байланысты экспансиялық саясатын ойдағыдай жүргіздірмей отырған бірден-бір психологиялық кедергі еді. Сондықтан да, тұсында Уфа мен Сібір генерал-губернаторы болған А.Апухтин Орта жүз бен Кіші жүзден керек кезінде жүз мың адамды қаруландыруға болатынын айтып, бірақ “бір руды бір ру талаған өшпенділік құшағындағы бұл жұрттың мыңғыра көбейе қоймайтынына” ант-су ішіп, “табиғатынан алғыр” болғанымен, “хищны, корыстнолюбивы, подлы, лукавы, лживы, обманчивы, привратны и ни на какое обещание их положиться не можно” деп өзі білетін үлкен тілдегі ең жексұрын анықтауыштарды үйіп-төгіп балағаттап бағып еді (А.Добросмыслов. Тургайская область, т.1. 176-бет). Берг экспедициясы қорытындыларын тереңдете нақтылау үшін Г.С.Карелин экспедициясы шықты. Оған берілген нұсқауда да: “қырғыздардың, баяғыдан бері Өлі Қолтық пен Қайдаққа бекініп қалған, Маңғыстаудағы екі айлақты иеленіп отырған жыртқыш та құдіретті адай тайпасының шын жай-жапсарын анықтауға” (Записки ИРГО по общей географии, 1883 т.Х., 5-6 бет) айрықша назар аударылды. Г.С.Карелин патша ұлықтарының көкейін тескен бұл сұраққа “олар ешкім ешкімнің алдында жауап бермейтін шексіз тәуелсіздік жағдайында өмір сүреді” деп жауап берді (Бұл да сонда, 485-бет).

Патша үкіметі Карелиннің есебін тыңдап, мақұлдап, жаңа бекініске Қайдақ айлағы ыңғайлы деп табылып, оны салуды ғалымның өзіне тапсырды. Бұған бір кезде Ф.Ф.Бергтің ұрда-жықтығынан шошып қалған қазақтар аса сақтықпен қарады. Қызылтас мүйісінің қасынан кемелер шыға келіп, әскер төге бастаған кезде қарайған қазақ жар басынан қаумалай қарап тұрды. Бір шоғыр биді Карелин шатырына шақырып қонақ етті. Жай-жапсарды түсіндірді. Сосын көпшілікке барып, жаңа қаладан олардың көретін жақсылықтарын айтты. Халық оған сене қоймаса да, оғаш мінез көрсетпей, үнсіз-түнсіз тарасып кетті. Өйткені, кенеп жамылғылардың ар жағындағы кеңірдектері сорайған зеңбіректерді көрді. Оның үстіне көк желкедегі Хиуа күнара қиқу шығарып, мазаны алып тұр еді. Қаланың салынып бітуін күтпеген орыс саудагерлері ауыл кезіп, қаңсып отырған қыр халқын таңсық тауарға кенелтті де тастады. Олардың әкелгенінің қасында Хиуаның бөзі ештеңеге жарамай қалды. Тілі майда Карелин ауыл аралап, ақсақалдарға жолықты. Отыз беделді кісіні жинап, ақылдасты. Қамшы үйірмей, күле қарағанның алдында қазекем қашан төзе алған?! “Ешкі қырған” құдығының басында отырған елдің ең үлкен ақсақалы Мая Әнетұлы жүк тасып, тас әкелетін, сауда жасайтын көліктерді халықтан өзі жинап беруге уәде берді. Карелин оның есесіне ақыны мықтап төлеп, заттарды Хиуа саудагерлерінен екі есе арзан сатқызды. Ең қиқар деп жүрген Үргенішбаев Сүйінқара батыр да іргесіне келіп, қала салып жатқан сары иық ұлықпен илеуі жарасқан былғарыдай жұмсара сөйлесіпті: “Адай жағынан келер қауіп жоқ екеніне сендірді” (В.И.Липинский. Флора Средней Азии. СПб., 1905, 613-633 беттер).

Бірақ, олай болары да түсінікті еді. Ол кезде қазақ даласы ең аласапыран кезеңді бастан кешіп жатқан-ды. 1805 жылы Айшуақ айына 1000 сом зейнетақымен демалысқа шықты. Бұл ретте, ол – біздің даладағы ресми тіркелген бірінші зейнеткер шығар. Орнына баласы Жантөрені хан қойдырды. Бұған Қаратай Нұралыұлы қатты ашуланды. Керуен тонап, бәсекелес сұлтандарды өлтірмек болып, бүкіл даланы дүрліктірді. Бұрын Нұралының өзім білемдігіне ашынғандар енді Орынбордың өзім білемдігін тойтармақшы болды. Оған шекара өкіметі де өршеленіп, қырға үсті-үстіне жазалаушы әскер жіберіп жатты. Бүкіл қазақ бес қаруын беліне аспаса, далаға аттап шыға алмайтын болды. Жер-жерде халық жасағы құрылып, “жазалаушылық жоспарына” тойтарыс беріп жатты. Оның бәрін әкімшілік бүлікшілікке жатқызды. Жиенқұл Бәубеков, Көтібар Арыстанов, Жаманбай Мінашаров, Сағыр Төлебаев, т.б. – солардың тұсында адай Сүйінқара Үргенішбаев та атқа қонды. Шекара кордондары олардың атын естігенде қалтырап тұрды. Оның үстіне, 1803, 1808 жылдары үсті-үстіне құрғақшылық болды. Құрық тамақ асырамаған соң, найза ұстауға тура келді. Қаратай Жантөре ханды бауыздап, ауылын үптеп кеткен соң жағдай тіпті шиеленісті. Дүмпу Тобылдан Жайыққа, Електен Сырға, Текеден Қарабұғазға дейін жетті. Әбден сасқан Орынбор Қаратайға 1815 жылы бос тұрған Пірәлінің орнын, 1816 жылы дүние салған Бөкейдің орнын ұсынды. Бірақ қаһарына мінген Қаратай, оның бәрін айла деп санады ма, Хиуаға қарай алыстай түскен. Жантөренің орнына баласы Шерғазы отырған соң, Қаратай өз дегеніне жету үшін әлі де талай сұлтанның басын алатынын айтып, жар шашты. Ол 1813 жылы қазақ даласына қайта оралды. Тек орыс шекарасы ғана емес, патша жағындағы қазақ шонжарлары да талана бастады. Айшуақ баласы Шерғазы ақ киізге көтеріліп жатқанда, Қайып тұқымындағы Әбілғазы баласы Арынғазы да ақ киізге көтерілді.

Қозының егіз, ханның жалқы болғанының жақсы екеніне көзі жетпей келе жатқан қазақтар тағы да екіұдай күйге түсті. Арынғазы қазақ арасына, Жайыққа қарай талпынды. Оны Бөкей ұнатпады. Арынғазы керуенді, шекараны, ауылды тонау-талауды тоқтатып, орталықтандырылған билікке, берекелі тіршілікке шақырды. Әншейінде бір-біріне жұлдызы қарсы Шерғазы мен Қаратай бұны бірдей ұнатпады. Ел арасының ию-қиюы молайды. Орынбор Шерғазы мен Арынғазыны шақырып сөйлесіп, бір-бірін татуластырған болды. Шыға беріп әрқайсысы өзінікін істеді. Бірақ, Арынғазы губернаторға ұнап қалды. Тіпті, айтқан тілін алып, тұтқынға түскен Арыстанды босатып жіберді. Аяқ астында аспандай бастаған Арынғазыны мүдірту үшін оның әкесінің бауыры Шерғазы Қайыпұлы марапаттала бастады. Патша үкіметінің қызметінде Мәскеуде жүрген майорды астыртын шақырып алып, 1818 жылы Хиуа ханы Кіші жүзге хан қойылды. “Сұлтандар соғысын” өз мүдделеріне бұру үшін Орынбор да қарап қалмады. 1818 жылы қашқын Қаратайға кешірім жариялады. Ол енеден қайта туғандай болып, жанын сала қызмет етті. Хиуа қойған Шерғазының хандығы бір жылға жетпеді. Сол жылы өліп, орнын баласы Жанғазыға босатты. Ол 1819 жылы Сыр бойынан Хиуа ханына берілетін салық жинатты. Арынғазы салықшыларды ұстап алып, Орынборға жөнелтті. Намыстанған Мұхамед Рахим 1820 жылы Арынғазының ауылын шауып, 350 еркекті жайратып, 1000 әйелді өңгеріп әкетті. Айдап кеткен малдары жер-көкке сыймайды. Аман қалған Арынғазыға Орынбор Бұхараға бара жатқан миссияны қорғауды тапсырған-ды. Қасына ауыр қол конвой ерткен Арынғазы жолда Жанғазының ауылын шауып өшін алды. Бұны Шерғазы Айшуақұлы есітіп, патша тапсырмасын өз мүддесіне пайдаланған сұлтан туралы жоғарыға шағымданды. Ол 1821 жылы Петербургке шақырылды. Ұзақ тергеліп, 1824 жылы Калугаға жер аударылды. Онда 1833 жылы 22 наурызда дүние салды. Арынғазы патша өкіметінің көмегімен “ата жолын” құртып, жартылай мұсылмандық, жартылай батыстық үлгідегі монархиялық сипатты Орта және Кіші жүзді біріктірген жалпықазақтық мемлекет құруды армандап, Сырымнан кейін рубасыларына қарсы Орынбор мен Орта жүз сұлтандарының тілін таба бастаған-ды.

Оның өлгенін естігенде, Л.Мейердің айтуынша, “Арынғазы басқарған тұстағы қысқа ғана тыншу уақыт қайтадан баяғы сол бейберекет қалпына түсті” (Киргизская степь Оренбургского ведомства. Изд. 1865 года. 37-40 беттер). Оны тыншыту үшін Орынбор үш жыл қатарынан қырға зеңбірек жетектеген екі мың адам әскер шығарып отырыпты. Бірақ, ел ішін дүрліктіре түспесе, тыныштандырмапты. Мәселен, шектілер 1822 жылы Хиуа бодандығына көшіп, шекара казактары мен шекараға жақын қазақ ауылдарын қызыл төмпештің астына алыпты. Адайлар Жем сағасына жақын сулардағы орыс пристанвын, бүкіл кемелерімен, адамдары мен құралдарын басып алып, із-түзсіз құртып жіберген десті. Арынғазыны өзімізге иліктіріп, қазақ даласына күшті хандық билік арқылы тәртіп орнатамыз ба деп дәметкен Орынбор ол үміттен күдер үзді. Бұратаналардың ондай күшті мемлекеттілігі патша сарайына ұнамады. 1824 жылы Орынбор Орта және Кіші жүзді билеудің жаңа тәртібін енгізді. Хандық билік түбегейлі жойылды. Әр жүз бірнеше өлкеге телімделді. Кіші жүз батыс, орта, шығыс бөлік деп үшке ыдырады. Шерғазы Орынборға шақырылып, шекара комиссиясынан қызмет ұсынылды. Кіші жүздің батыс бөлігіне Қаратай Нұралиев, орта бөлігіне Темір Ералиев, шығыс бөлігіне Жұма Құдаймендиев басқарушы сұлтан болып тағайындалды.

1824 жылы 11 желтоқсанда бұдан былай керуендерді Орынбордан Орта Азия қалаларына қарулы әскер қостап апаратын болды.

Сондай бір керуенді орта жолда Бестөбе деген жерде Шерғазы Айшуақұлының баласы Мәненбайдың нояндары тонады. Ел ішінде үрей көбейді. Сондай ала көңіл жүрген Шерғазы 1825 жылы тамызда шаруалары шығып, рұқсат алып, Борсық құмдағы ауылына кетеді. Содан, бірақ кері оралмайды. Баласы Едігеге еріп, Хиуа ханына барады. Таққа жаңа отырған Аллақұлға қызы Телібикені беріп, Арыстан, Достандарға өзін ата салтымен ақ киізге көтертеді. Одан Орынбор түбіндегі Қарғалы елді мекенінде патша аштырған исламдық діни білім орталығында оқу тауысқан үлкен діндар Едігенің айтуымен табын арасына барып, шекараны дүрліктіре бастайды. Оған әлім шонжарлары Арыстан, Достан, Көтібарлар қосылады. Дәл сол тұста Хиуадағы орыс тұтқындары топан судай қаптап кетеді. Тек Атырау теңізінен жылма-жыл қолға түсірілетіндер саны екі жүзден асып түсіпті деседі. 1831 жылғы Берг экспедициясының адайлардың басына ат ойнатуының себебі содан деп жазады ескі құжаттар. 1834 жылы ақпанда Едіге Шерғазыұлы дүние салады. Сол-ақ екен, Шерғазы шапқыны сап тыйылады. 1845 жылғы тамызда ол да дүние салады.

Кіші жүз арасында ереуілдеп жүрген жалғыз Шерғазы емес еді. Табын Жоламан да шекара шебін талай бөрліктірді. Бірақ, 1825 жылы оның түбіне Қаратай жетті. Ол патшадан алған қызметін өзі ереуілдеген кезде есесі кеткен қазақ шонжарларынан өш қайтаруға пайдаланды. Көп ұзамай ол да о дүниелік болды. Ол кездегі қазақ ауылдары билікке таласып, елді дүрліктірген қазақ жайсаңдарынан, оларды қуалаған орыс жазалаушыларынан, олардан сескенген хиуалықтардан үш бірдей төмпеш көрді. Л.Мейердің пайымдауынша, сондай екі оттың ортасында мықтап қалғандардың бірі адайлар болды. Хиуа оларды әлімдер секілді өз бодандығына өткізгісі келді. Ондай құлық көріне қоймаған соң, күштеуге кірісті. 1831 жылы Атырау теңізінің Керел деген қолтығындағы Сүйінқараның ауылы шабылды. Бала-шаға, дүние-малымен мұз үстіне айдалып, жағалаудағы қалың жынысқа от берілді. Талай боздақ мерт тапты, талайы тұтқынға кетті.

Тіпті батырдың үйелмелі-сүйелмелі екі қызы атқа өңгерілді. Араларында сұлтан Қайыпқали, беріш батырлары Құлбарақ, Науша, Жаппарберділер бар, адай батырлары қапыда ел шапқан қарақшыларды қуып барып, жанталаса соғысып, көп сарбаздарынан айырылды.

Осыдан дәл үш жылдан кейін келген Карелинмен жолыққан Сүйінқара әлгі соққыдан әлі айыға алмай жүр еді. Тек қана бір оқиға емес, сол кездегі қазақ даласында болған барлық тартыстар мен өзгерістер оған ауыр соққы болып тиді. Өйткені, ол бас бағып жүрген жайбарақат кісі емес еді. Әлгі оқиғалардың көбіне тікелей араласып еді. Бір кезде Атақозы, Шотан өз тұсындағы бүкілқазақтық мәселелерге қандай белсенді араласса, Сүйінқара да өз тұсындағы оқиғаларға дәл солай жан аямай кіріскен еді. Аты қазақ, түрікпен арасында да өте мәшһүр азамат еді. Сондықтан да, оның басы ылғи дауда, жаны ылғи шүберекке түюлі өтті. Қаратай Орынбор әкімшілігімен жаудай жағаласып жүргенде oл да өз жасағын құрып, талай қиқу салған. Тіленші, Жоламан, Көтібар, Арыстан, кейінгі Исатай, Махамбет, Есет, Бекет қозғалыстарына да тікелей ат қосысқан. Арынғазыны қолдап, қазақтың игі жақсыларымен бірге, оның тез елге қайтарылуын талап еткен. Едіге мен Шерғазыны қолдап, Ресей мен Хиуа арасына керуен аттатпай қойған. 1820 жылдың 20 маусымында сұлтан Қаратай генерал-губернатор П.К.Эссенге “адай Сүйінқара, Табын және Көтібар дейтіннің шекті руының қазақтары шеркеш, кете руларымен қосылып”, орыс командаларына шабуыл жасап”, Бұхара, Үргенішке баратын “керуендердің жолдарын байлағандарымен”, “біздің тайпаларымыз бен жұртымызды” Орынбордың базарына баратын мүмкіндігімізден айырғанымен тынбай, “жалпы, Ресеймен соғыс бастамақ”, – деп хабарлайды. Ал 1823 жылдың қыркүйегіндегі дәл сол П.К.Эссенге дәл сол Жоламан Тіленшин, Құлмұханбет Жәнібеков, Жанат Нәбиев, Көтібос Төлебаев, Асау Барақов, Сүйінқара Үргенішбаев, Дербісәлі Қайғылықов, Байғана Көпеев, Буса Айшуақов, Көтібар Бәсенов, Арыстан Таналин, Төлебай мен Тоқай, Бәстібек Байқұтанов Елек пен Жайық, сондай-ақ Нарындағы екі өзен – Қара өзен мен Сары өзен аралығындағы жерлерді қазақтарға қайтаруды талап етіп, астанаға кеткен Арынғазы Әбілғазинді елге жіберуді көп-көп өтінеді (Материалы по истории Казахской ССР...т.4., 444-бет) Әлгі А.Апухтин айтса айтқандай, бірін-бірі беттен жыртатындары болмаса, құшағың толып сүйетіндей сүлей перзент қазақ даласында қай кезде де аз болмаған-ау!..

Соның бірі – Сүйінқара. Ол қанша өр кеуде, өжет болғанымен, өз тұстарының қайсысының да ел үшін істеймін деген игі істеріне аянбай атсалысқан. Жорықтан да, шайқастан да тайсалмаған. Ал олар өз жолынан тайып кеткенде де, ішінен күйзелсе де, ешқайсысының ізін шабақтамаған. Бірін-бірі жамандап, бірін-бірі жалалаған хаттардың бірде бірінде оның қолы немесе аты ұшыраспайды. Оны біреулер жалалап, біреулер табаласа да, ол жалалап, ол табаламаған. Ақ жүріп, адал тұратын азамат одан басқа не істей алады?! Карелинге жолыққан Сүйінқара, міне, осындай талайды бастан кешіп, талай рет басын тауға соққан тарланбоз еді. Бір-бірімен алысқан кереғар күштердің бәрі соған келіп, содан көмек, содан пана іздейтін. Тіпті ол Карелинмен жолығатын күндері де ол өзіне қолшоқпар еткісі келген Алақұлдың, Баймағамбет Айшуақовтың, Қайыпқали Есімовтің ешқайсысына илікпей, босқа жан қинайтын бопсалардан басы қатып жүр еді.

Қайдақта орыс бекінісінің салынуы адайларды қос қапталында өршелене өртенген отты одан бетер лаулатып жіберді. Өздеріне иліге қоймаған оларды хиуалықтар шабуылдаған үстіне шабуылдап бақты. Олар Қызылтастағы бекіністі салынып болған соң естіп, Хиуаға зекет төлейтін Мая биді шақыртты. Хан кеңесінде оған қала салуға көлікпен көмектестің деген айып тағылды. Түрікпендерге жаңа қаланы жермен-жексен етіп талқандау тапсырылды. Олар аттарының арықтығын сылтауратып, бас тартты. Хан қаланы адайлар табындармен қосылып, жоқ қылсын деп бұйырады. Мая би: “Біз түрікпендерден батыр емеспіз ғой”, – деп жалтарып еді, оған 1000 ділда айып салынып, аяқ астында төлеу талап етілді. Бекініспен қарым-қатынасты дереу тоқтатып, адайларға Хиуаға көшіп келу тапсырылды. Сол 1884 жылы армян көпесі Г.Турпаевтың керуеніне еріп, тым ұзақ кідіріп қалған әкесін іздеп келген Бәймембет Маяұлы табан астында тұтқынға алынды.

Мая би елге оралып, хан әмірін хабарлады. Жұрт Хиуаға жататын аумақтағы өздері жайлап отырған өрістерден қол үзуге болмайтынын ескеріп, амалсыз талап етілген айыпты төлейтін болды. Бәйменбетті мың жылқы беріп, түрмеден босатып алды. Бірақ, жаңа бекініске шабуыл жасау туралы ауыз ашылмады. Алайда сол маңда жүрген екі саудагердің жиырма мың қойы айдап әкетілді, он бес мың сомның тауары жоғалады. 1836 жылы Жем суларын барлап жүрген кеме адамдарымен, ау құралдарымен кенет ғайып болады. Осыны сылтауратып, бес кемеге лықа толған казактар үш ай жарым уақыт су бетін тінткілейді. Бірақ ешкім көзге ілікпейді. Сол жылы қыста Данилевский мен Мансуров бастаған 550 казак Ново-Александровск тұсынан шанамен түсіп, бүкіл жағалауды бастан-аяқ сүзіп шығып, жақын ауылдарды жағалай тінтіп, жағалай дүрелеп шығады. Сол жылдары Жайық бойындағы көтеріліс басшылары Исатай Тайманов, Махамбет Өтемісов, Қайыпқали Есімовтер келіп адай арасынан қол жинайды. Олар Сүйінқара Үргенішбаев, Есет Қараев, Мәмбетнияз Төлепов сынды белгілі тұлғаларды тірек тұтып келіп, керек көмектерін алады.

Орыс тіміскілеуінен сескенген Хиуа әскері 1839 жылы бекініске шабуыл жасап, жүзден астам адамды тұтқындап, қайықтарын суға батырып кетеді. Олар келесі жылы Маңғыстаудағы басқа теңіз аймақтарындағы орыс кемелері мен адамдарына шабуыл жасайды. Бұл бір кездегі Ф.Берг экспедициясы жоспарлап келген Хиуаға қарсы жойқын жорықты жақындата түседі. Орынбор губернаторы В.Перовский 1840 жылға белгіленген жорыққа 1839 жылғы қыста асығып аттанады. Айды аспанға бір шығарғысы келген мақтаншақ, мансапқор генералдың дәмесінің күлі көкке ұшады. Жер қайысқан әскермен қыста шығып, Үстірттің айырттан келетін күртік қарына малтығып, арып-ашып, үсіп-тоңып, қаралай зорығып, босқа қырылады. Ең ақырында ары қарай жүруден үзілді-кесілді бас тартқан адай түйекештерін айдалада атып кетіп, келесі көктемде азып-тозған бір шөкім әскермен Орынборға әзер оралады. Күллі Ресей желпіне күткен жорықтың бұлайша аяқталуына Кіші жүздегі халық толқуларына құлақ аспай, аямай езіп-жаншыған озбыр әкімшілікке жергілікті халықтың іштей наразылығы себепші болып еді. Соның салдарынан керекті уақытында түйе жиналмай, кешіктірілді. Жинап үлгерілгендері де сүлесоқ қызмет етті. Жорықтағы әскер көп қорлықты түйешілер мен жол бастаушылардан, қалың қар мен қатты аяздан көрді. Оның үстіне, жорықтың Хиуаға жақындаған ең шешуші кезеңінде Маңғыстаудағы жаңа бекіністен көрсетілетін қосымша көмек көрсетілмей қалды. Оны ұйымдастыруға жұмсалған корнет Аитов түйе жинап жүрген жерінен аяқасты тұтқынға алынып, аяқ-қолы буылып, Хиуаға апарылып беріледі. Ол қабылдауға тиісті Астраханға келе жатқан азық-түлік, қару-жарақ тиелген кемелер мұз құрсауда қалады, жол-жөнекей тоналады, кейбірі жандарынан қорқып, орта жолдан қайтып кетеді. Кейбір құжаттар бұл іске Сүйінқара батырдың ұлы Мұрын бастаған жігіттердің де араласы болғанын жазады. Сөйтіп, Қызылтастағы бекініс өзінің тарихи қызметін атқармады. Бірінші Хиуа жорығы масқара болып аяқталды. Бір кезде адайдың жазықсыз жігіттерін көзінен тізіп Орынборға айдаған ақикөз Ф.Берг пен Жәңгір хандығын жоймақ боп ізіне түсіп, онымен айқасқан арыстандарды ең әуелі емексітіп, артынан зеңбіректердің астына айдаған Перовский, Геке, Данилевский, Мансуров, Циолковскийлердің желпінген көңілдері жер жастанды.

Перовский шынтағын тістегендей болған бұл жорықтан кейін Хиуа ханы Атыраудың шығыс жағалауына ауызды батыра түсті. Ол баяғыда жасалған келісім бойынша, Жайықтың батыс беті Ресейге, шығыс беті Хиуаға қарайтынын, сондықтан бөтен патшаға салық төлеуге, оның адамдарын өздері отырған жерлерге аттап бастыруға хақы жоқ екенін, олай еткен жағдайда “ауыздарына қорғасын құйылатынын” ескертті (Қазақ орталық мемлекеттік мұрағаты. 4-қор, 1- тіркеме, 2409 іс, 11-бет).

Бұл жағдайды естіген ағылшындар орыс-хиуа дауына ара ағайын болып араласқысы келді. 1839 жылы Гераттан Хиуаға Аббот деген капитан келді. Ол кезде хиуалықтар ағылшындардың кім екенін білмейтін. Мәселен, Хиуа сарайының тарихшысы Мүніс Ағеке дәл соған байланысты оқиғаларды жазғанда «ағылшын – Ресейдің теріс жағында түратын орыс тайпаларының бірі» деп көрсетеді (П.П.Иванов. Аталмыш еңбегі. 170-бет). Сол Аббот Хиуа үкіметіне Шығыс Каспийде пайда болған орыс бекіністерін аралап көргісі келетінін айтады. Хиуа оған Ресейге жұмсалған елші куәлігін ұстатып, қасына үлкен сауда керуенін қосып береді. 1840 жылы артынып-тартынып Қызылтастағы Александровск фортына бет түзейді. Оған жақындап қалғанда, Сейсем Ата қорымының түбінде Сүйінқара нояндары тап болып, 1840 жылы 1 мамыр күні сәскеде саудагерлерді көтере үптеп, бейтаныс мейманды орыс бекінісіне апарып тапсырады (М.Н.Галкин. Этнографические и исторические материалы по Средней Азии и Оренбургскому краю. СПб., 1868. 244-255 беттер). Тексере келгенде Аббот ағылшындардың Хиуа арқылы Ресейге жұмсаған жансызы болып шығады. Сөйтіп, Сүйінқара 1831 жылы ауылын тонаған Хиуа ханынан өшін алады. Бұл өкінішті жағдайды естіген Гераттағы ағылшын миссиясы 1840 жылы Хиуаға капитан Шекспирді жұмсайды. Ресей де Хиуаға үсті-үстіне елші жібере бастады. Мұның бәрі Маңғыстау қазақтарының да алаңдаушылығын туғызды. Төменгі адай бөлігінің басшысы Қалбы Қырымқұлов би 1742 жылы жаңа бекініс комендантынан Хиуадан қауіп төнген жағдайда қазақтарды ақ патшаның Аллақұлдан қорғайтын-қорғамайтынын біліп беруді сұрады (бұл да сонда, 2171-іс, 132-бет). 1742 жылы Аллақұл өлді. Хиуа мен Ресей жаңа шартқа отырды. Мұхамед Әмин Атыраудың шығыс беті Ресейдің жері емес екендігін айтып, Ново-Александровск бекінісін құртуды талап етті (Туркестанский край. 3-т. Ташкент, 1847, 125-бет). Қалбы бастаған бір топ би 1844 жылы “адайлардың айдаһардың аузында қалғанын” айтып, Ресей мен Хиуа шекарасын айқын ажыратып беруді талап етті. Олар Орынбор шекара комиссиясынан да өздеріне Хиуа мен басқа рулар айтып жүрген жер дауына байланысты анықтық енгізуді сұрады (ҚММ. Аталмыш қор, 18-19-істер, 107, 152-беттер). Бұл мәселеде, расында да, екіұдайылық бар еді. 1842 жылы Хиуада болған Данилевский Хиуа шекарасы батыста Атырау теңізіне, оңтүстікте Иранға тіреледі десе, 1853 жылы Хиуада болған Игнатьев хандық шекарасы оңтүстікте Мерв арқылы, теріскейде Жем өзені арқылы өтеді екен деп көрсетеді (П.И.Иванов. Очерки по истории Средней Азии. 1958 г.,149-бет). Бірақ Ресей бұл даулы мәселені дипломатиялық жолмен шешуге құлық таныта қоймады. Бұл талап та аяқсыз қалды. Хиуа 1844 жылы маңғыстаулықтардан зекет талап етті. Шекара үкіметі көмек берудің орнына, ұсақ жасақтар ұйымдастырып, Хиуа шекарасына маза бермеуге ақыл қосты. Бұдан қазақтар бас тартты. Екі тарап та бұл мәселені қазақ билерінің аузын алып, керек кезінде оларды осылай әркім өз жағына тарту арқылы уақытша шешкісі келді. 1830-1840 жылдар арасында Хиуа жоғарғы және төменгі адай билері Мая Әнетұлы мен Қалбы Қырымқұлұлына сардар атағын, алты арыстың билеріне – сардардың көмекшілері атағын ұсынды. Кейін патша өкіметі де оларға дәл осылай өз қызметін ұсынды (“Голос”. 1870 г. №127). Бірақ жер дауы сол даулы күйінде қала берді. Маңғыстау казақтарының көкіректерін әліге дейін қарс айыратын Күйкен, Боздақ, Жалбарт, Жаужол, Керел, Қыземшек, Ебелекті, Ауыздыбас қырғынды шайқастарының арғы жағында осындай жымысқы астарлар бар еді.

Жер дауы тек өріс пен суатқа таласқан көшпенділерді ғана емес, өндірісіне шикізат, тауарына базар, қаржысына тауар, өкіметтеріне ықпал іздеген отырықшыларды да еліктіре бастады. Жаңа Хиуа ханының талабы мен Маңғыстау қазақтарының өтінішіне патша өкіметі жауап іздеудің орнына, экспансиялық жаңа қадамдарына сылтау ететін оңтайлы іліктер ретінде қарады. Шығыс жағалау қайтадан зерттеліп-зерделене бастады. Қызылтастағы бекініс бұзылып, Түпқарағанға көшірілді. Маңғыстау түбегі де шекаралық аймақ ретінде қарастырылып, әскери дистанцияларға бөлінді. Оның бөліктері де әскери бөлімшелердей “старшиналардың” билігіне көшті. Дистанция басшыларына да әскери атақ берілді. Маңғыстау қазақтарын жоғарғы, төменгі дистанцияларға бөлу енді бұрынғыдай басқаруға ыңғайлылықты ғана емес, бірте-бірте бір-бірінен бөліп әкетіп, оқшаулай түсуді көздей бастады. Ол тек шығысындағы Хиуадан ғана емес, қалған қазақтардан да аулақталуы керек болған түрі бар. Отаршыл өкімет бұрынғы халық сайлаған билердің “біздің пікіріміз мынандай”, “талабымыз мынандай’”, “біздің қауымымыз былай деп есептейді” дейтін “кергімеліктерінен” құтылды; “айтылды екен, істеліну қажет” дейтін “ләббәй, тақсырлауға” көшірілді. Генерал-лейтенант М.А.Терентьев айтқандай, орыстар “қазақтарды бағындыруға атқарушы сұлтандардың да, шапқыншы әскери топтардың да, дипломатияның да еш қажет еместігін, ол үшін тек жайлаулар мен қыстауларды өз қолдарына алып алу керек екенін түсінді” (“Россия и Англия в Средней Азии”. СПб., 1875, 13-15 беттер).

Ел арасында “Дала низамы” аталып кеткен, 1868 жылғы 21 қазанда бекітілген далалық өлкелерді билеудің уақытша ережесі ежелгі рулық жүйені аумақтық жүйеге алмастырды. Қазақстан облыс, уезд, болыс және әкімшілік ауылдарға бөлінді. Жүз немесе екі жүз шаңырақ ауыл боп есептелді. Әр облыс төрт уезден тұрды. Оның басына патша тағайындаған ұлық қойылды. Сөйтіп, шығыстанушы В.Григорьев айтқандай, “жер бетінде ешбір халықта ақсүйектер қазақтардың хандары мен сұлтандарындай бейшара болып қалған емес”. Бұл, шын мәнінде, халықты өз жерін өзі билеуден қалдыру еді. Халықтық билік полицейлік билікпен осылайша алмасты. Халыққа сіңірген еңбек емес, патшаға сіңірген еңбек биік бағаланды. Сондықтан жергілікті халық білетін тұлғалар патша қойған ұлықтардың көмекшілері ретінде ғана өмір сүре алды. Қазақ жері осылайша орыс патшасының түпкілікті иелігіне айналып шыға келді. Онда тұрып, оның игілігін көру үшін онда туу шарт болудан қалды. Қайта патшаның шақыруымен, не жұмсауымен келгендерге артықшылықтар мен жеңілдіктер жасалатын болды. Жергілікті халықтар бұратана халықтарға жатқызылып, өзін-өзі билеу құқынан айырылды.

1868 жылдың желтоқсанынан Ережені енгізу комиссиясы іске кірісіп, шаңырақтардың, төлейтін түтін салықтың, ауылдардың есебін ала бастады. Олар үлкен қарсыластыққа ұшырады. Жер-жердің бәрі ереуілдеп кетті. Содан сескеніп, ел арасына бексауытты әскери топтар шығып, өріс пен суаттың есебін ала бастады. Мұндай әкімшілік басқару реформасының ар жағында бұрынғы дипломатиялық жолмен жүргізілген көрші аумақтарды өз ыңғайына жығу қарекеті біржолата өз билігіне алу қарекетіне ауысты. Енді одан арғы кеңістіктерді әскери күшпен иемденуге жол ашылды. Әскери баса-көктеу үшін қажетті іліктер табу ғана қалды. Соған басты қажет аймаққа Маңғыстау да енді. Оны иемдену ерекше маңызға ие болды. Күллі Кіші жүз Орал және Торғай облыстарына бөлінді. Ал 1870 жылдың 2 ақпанында Маңғыстау приставтығын Александровск фортымен бірге Орынбор генерал-губернаторлығынан алып, Кавказдағы иелікшінің қарауына беру туралы патша жарлығы шықты. Орынбор мен Кавказ арасындағы шекара Өліқолтық шығанағынан Үстірттің солтүстік шетімен Арал теңізіне келіп тірелді. Маңғыстау адайлары қалған қазақтардан бөлініп қалғаны былай тұрсын, өз руластарының жарым-жартысынан тірідей айырылып қалды. Ол деген сөз ежелден бергі жаз жайлауының бәрі бөтен өлкеге кетті деген сөз еді. Ал жаңа Ереже бойынша адамдар бір өлкеден екінші өлкеге тек арнайы рұқсатпен өте алды. Ондай құқпен пайдалану үшін жаңа алынып жатқан Ереженің қабылдануы керек болды. Сөйтіп, патша өкіметі “ешкімге ешқандай есеп бермейтін шексіз тәуелсіз” маңғыстаулықтарды мықтап ауыздықтап бақты.

Мұны, басқаны қойғанда, баяғыдан бері Кавказға қарайтын Александровск фортының комендантына бағынатыны аз болғандай, Орал облысының Маңғыстаудағы әдейі приставы деген тағы бір ұлық қойылғанынан, оған 1869 жылы Орал және Торғай өлкелеріндегі ереуілдерді басып-жаншуда ерекше көзге түскен Торғай бекінісінің коменданты, подполковник Рукиннің тағайындалғанынан-ақ біле беруге болатын еді. Ол келе сала мұндағы елді тәртіпке шақыруға білегін сыбанып кірісті. Сол кезде Үстірт үстінде рубасы Мыңбай Әжібайұлы ар жағындағы түрікпендермен де, бер жағындағы орыстармен де қырбай жүр еді. Үстерінен керуен аттатпай, талайын үптеп алған еді. Оны тәртіпке шақыруға Александровск коменданты өз көмекшісін жіберді. Ашуға мініп алған Мыңбай оған құлақ аспақ түгіл, аяқ-қолына кісен салып, бес күн бойы көшінің соңынан салпаңдатты (А.К.Гейнц. Аталмыш еңбегі. 2-том, 88-бет). Комендантқа бағынбаған бұзақыны жаңа пристав өзі ауыздамақшы болды. Соны сылтауратып, жолдағы елге үгіт айтып, Ережені қабылдауға көндіріп көрмек те еді (Генерал-лейтенант М.А.Терентьев. История завоевания Средней Азии. 1906, T.1. 69-бет). Бұған төменгі дистанция жөніндегі көмекші Ғафур Қалбыұлы қарсы болып, асығыс сапардан тоқтатқысы келеді. Рукин: “Талай қазақты көргенбіз, қарулы әскерді көргенде, қайда тығыларын білмей, тым-тырақай қаша жөнелетін”, – деп жоғарғы дистанциядағы көмекшісі Бәймәмбет Маяұлын қасындағы ауылнайларымен бірге алдына салып, өзі 4 офицер, 38 казакты ертіп, барлығы 60 адам болып, 35 түйеге жүк артып, 1870 жылы 15 наурызда жолға шықты. Досан Тәжиев пен Иса Тілембаев бастаған 200 қазақ 30 мылтықпен жолын тосып тұрғанын да білді. Бір апта аман-есен жүріп өтіп, Инебуазкумардан құдығынан өте бергенде, қалың қазақ қоршап алып, кері қайтуды талап етті. Әскер оқ жаудырды. Бірақ қазақтар жолын бөгеп жібермеді. Әскери топ 23 наурызда Ұсақ құдығы маңына шегінді. Сол арада Бәймәмбетті қасындағы екі жігітімен және Қ.Мырзабаев дейтін пошташы қазақпен бірге форт комендантына 20 казак, зеңбірек пен оқ-дәрі жіберіп, қоршаудан шығарып алуды сұрап, хат жөнелтпек болады. 24 наурыз күні Бозашы беттен көп адам келіп, көтерілісшілерге қосылды. Олар фортқа қарай шегінер жолдың бәрін бөгеп тұрып алды. Үшауыз шығанақ тұсына келгенде теңіз бетті де бөгеп, түйе мен аттарды тартып алып, өздерін шыңға қарай тықсырды. Жазық жаққа аттап басар жол қалдырмады. Түнде Рукин фортқа кете алмай қалған Б.Маяұлын елшілікке жұмсады. Бірақ, оны бір қадам аттап шықпай жатып, атып салды. Енді көтерілісшілер қару-жарақты тартып алуды қамдастыра бастады. 25 наурызда Рукин амалсыз өзі келіссөз бастады. Көліктерін қайтарып, фортқа оралуға рұқсат сұрады. Иса Тілембаев оқ атуды тоқтатып, 3 офицерді аманатқа қалдырып, қалғандарына таудан түсіп, көліктерін алуға рұқсат етті. Рукин солай етуге бұйрық берді. Алайда 17-18 адам қулық жасап, қылыштарын шалбарларына жасырып, тек қындарын тапсырыпты. Сол кезде тасадан шыға келген қазақтар әскердің тұтқынға берілуін талап етті. Ойламаған жерден айқас басталды. Ішінде Рукин бар 17 казак мерт тапты. Қалғандары өз еркімен берілді. Төрт күн бойы мұздай темір құрсанған патша әскерлерімен арбасқан көтерілісшілер ақыры жеңіп шықты (“Русская старина” №7, 1894, 145-148 беттер., ЦММ, 85 ц. 2-т. 28-іс, 40-41, 26-31-беттер). Мұндай төтен ерлік онсыз да ызадан тістерін қайрап жүрген ереуілшілерді одан әрмен жігерлендірсе керек. Олардың саны лезде он мыңға жетті. Ол кезде түбекте 20 мың шаңырақ бар екен (ҚММ, 85-қ., 2-т). Сосын көтеріліс те, оны басып-жаншуға бағытталған әскери шаралар да аяқастынан қызу қарқын алып кетті. Жалпы, бұл көтеріліс ешкімнің ойында жоқ кездің өзінде-ақ, Кавказ бен Орынбор әкімшіліктері фортты қорғайтын кемелер бөлу жөнінде шешім шығарып қойыпты (“Уральские войсковые ведомости”. 1875, № 42., 2-3 бет). Осыған қарап: “Патша өкіметі жергілікті халықты әдейі көтеріліске итермелеген бе?” деген де күдік бар. Отаршылдық саясаттың ең қанқұйлы мақсаттарға тездетіп кірісу үшін халықты қасақана арандататыны кездеспей жүрген жәйт емес. Қалай болғанда да, бұл хабарды естігенде, соғыс министрі Милютин Кавказ әкімшілігіне: “Примерно наказать мятежников!” дейтін өкім жөнелткен. Онсыз да мықтап қаруланған фортқа кеме бөлу жөніндегі шешімге Александр II патша: “Согласен и надеюсь, что наказание не замедлят”, – деп бұрыштама соққан (Өзбек Меммұрағаты. 715 қ. 1т. 41-іс, 154-155 беттер). Расында, ол кезде Александровск фортын ешқандай сырттың көмегінсіз алу еш мүмкін емес еді. Көтерілісшілер маякты, қару-жарақ қоймасын, үйлерді өртегенмен, үш күн шабуылдап ештеңе бітіре алмаған. Ал гарнизон күніне 2 мың патрон мен 18 зеңбіректің әрқайсысынан 25 доп шығындап отырған. Көтерілісшілер мызғымас фортты 10 сәуірде қайта шабуылдаймыз деп жатқанда теңізден граф Кутайсов бастаған қыруар әскер келіп жеткен. Көтерілісшілерге бекіністі тастай қашуға тура келген, бірақ комендант майор Зелениннің айтуынша, көшпенділерден “мұндай жанқиярлық пен табанды шабуылды ешкім күтпеген”, енді бір-екі рет осындай үдере соққы берілгенде, “форт тағдыры шешіліп қалуы да ғажап емес еді” (КСРО Орталық әскери мұрағаты. ВУА қ. 6825 іс, 124-бет). Кеме көрінгенде, қапелімде кері серпілген көтерілісшілер сол күні екі рет қайта оралып шабуылға шыққан; бірақ зеңбіректер төмпеші амалсыз кері шегінткен. Бірнеше шақырым жерге дейін өлген қазақтар жайрап жатыпты (“Современные известия”. 1881. № 187, 3-бет). Көтерілісшілерді түре қуған жазалаушылар Қаңғабаба, Түбіжік, Бөрлі, Құнансу, Тарталы, Қаратаушық, Жыңғылды құдықтарында болып, бірде бір тірі жан таба алмаған. Соған қарағанда, шабуыл бастамас бұрын көтерілісшілер жақын маңдағы ауылдарды көшіріп жіберген. Тұтқындалған адамдар мен дүние-малды тиеп әкетуге келген “Князь Баратынский” бастаған кемелер айлақта қаңырап бос тұрған. Құла түзге сіңіп жоғалған жұрттың ізін шығара алмаған тіміскі топ үш күн сандалып, бос қайтқан (ҚММ. 315-қ. 1-т. 36-43 беттер). Қыр адамдарынан ешкім күте қоймаған мұндай ұйымшылдық пен мұқияттылыққа жазалаушылардың өздері таңғалған. Қолға түскен бір адам жоқ болса да, жазалаушы күштер шұбырған үстіне шұбырып келе берді. Трофей тиеуге келген “Князь Горчаков”, “Князь Баратынский” пароходтары арғы беттен әскер тасып, әрлі-берлі сарсылып баққан. Патшаның бауыры ұлы князь Михайлдың жеке адъютанты барон Е.К.Мейендорф істің барысын өз көзімен көруге келген.

Жазалаушылар қырға шығандап шыға бастаған. Кутайсов бастаған жаяу әскер Жыңғылды, Онды, Керті, Тарталыға дейін кезіп ауыл іздеген. Мейендорф бастаған атты әскер “адайлардың егістіктерін” тапап отырған. Басқа жақтарға басқа басшылар жіберілген. Үш айдың ішінде бүкіл түбекке әскер қаптаған. Тау-тасқа тығылғандарды басқа аймақтарға шығармау үшін Жем, Сағыз тарапты әскер қоршап тұрған. Көзге шалынған қашқындарды топ-тобымен қырған. Қоршай қуып теңізге, сорға батырған, шыңнан ұшырған. Саранчеев дегеннің жазалаушы тобы киіз үйлі ауылдарды зеңбірекпен атқылаған. Тілге келмей, тұтқын орыстарды шығарып беруді талап еткен. Соған қарағанда “Хиуа жорығы” қарсаңында “адайлар жылына 200 орысты теңізден ұстап, Хиуаға сатқан” деген лақап патша өкіметінің осындай тұтқиылдан жасалар операциясына желеу ретінде әдейі ойлап табылған сияқты. Ал, 1832 жылы бұл мәселені зерттеген Г.С.Карелин: “Баяғыдан бері іргелеріндегі Құлалы аралындағы итбалық аулайтындардың қоймалары мен олжаларын мұз үстімен барып, тонап әкетіп көрмеген түздіктер су ортасында жүрген балықшы кемелерді тонаушылықпен айналысады дегенге сену қиын”, – деп жазып еді. Бұл – расында да не басқалардың істеп жүрген қасақана ісі, не жоғарыдағылардың көптен көз құрттарын тесіп жүрген Хиуаға жеделдетіп жетіп алу үшін жасалған жымысқы айласы еді.

Маңғыстау көтерілісін жазалаушы топтар қанқұйлылық жағынан бірінен бірі асып түсуге тырысыпты. Қолға түскен адамдарды өлтіріп, малдарын азық қылып, дүние-мүлкін солдаттар бөліп алыпты. Тұлымдыны зорлап, айдарлыны қорлаудан да аянбапты («Военный сборник», 1871, №5, 36-бет). Сондай 16 ауылды талап, тағылық көрсеткен Байков деген біреуді әскери сот қарап, Тобольскіге жер аударған. Патша үкіметі көтерілісті түздіктердің тағылығынан, хиуалықтардың азғырушылығынан болды деп есептейді. Мұның жай-жапсарын тыңғылықты зерттеген М.С.Тұрсынова бұл оқиға кездейсоқ қабылданған Ереженің жергілікті жағдайға сәйкессіздігі мен түсініксіздігінен лап ете қалған ашу-ызадан болған, бұған Хиуаның еш араласы жоқ дейді. Ал біз патша отаршылдығы маңғыстаулықтардың да, хиуалықтардың да зығырданын әбден қайнатып жүр еді, көпе-көрінеу астамшыл Ереже өртке май құйды, бірақ оқиғаның бұлайша өрбуі патша әкімшілігі үшін көптен ойында жүрген зымиян мақсатына шұғыл кірісіп кетер ілік тауып берді деп санаймыз.

Біздіңше, үш тарап та бірдей төтен тәуекелге мінген. Маңғыстау қазақтары лақ екеш лақ та тұяқ серіппей өлмейді деп, Ресей әлі білек сыбанып кірісіп кетпей тұрғанда, сес көрсетіп қалғысы келген. Хиуа да Перовский жорығынан кейін өзіне тықырдың әбден таянғанын түсінген. Оған бір тосқауыл болса, Маңғыстаудағы адайлар тарапынан болады деп, оларды жандары күйіп отырғанда насырына тиіп, намысын қайрауға күш салған. Оған Хиуа ханының Орал мен Торғай қазақтары ереуілдеп жатқанда, Б.Маяұлы пен басқа да адай билеріне: “Орыстың қол астындағы әлімдер мен байұлылары бізге бетін түзеді. Сіздің жұрттың не ойлап, қайда бет түзеп отырғанын білмейміз. Біз барлық қазақ баласынан бұрын сіздің жұрт адалдық пен жанашырлық танытатын шығар деп үміттеніп келгенбіз”, – деп бір бопсалап қойып, “бір топ игі жақсыларыңызды жіберіңіз, ақылдасайық!” – деп хат жазып, жаушы шаптырғаны, оған: “Егер тіл алмайтын болса, әскер жіберетінімізді ауызекі ескерт!” – деп қатаң тапсырғаны жеткілікті дәлел бола алады. Алайда маңғыстаулықтар ондай азғырынды әңгімеге елікпеген, бірақ ескерген. Ақылдасуға адам жібермеген. Өйтіп, біреуден қорқып, біреуге жүгіргендей болмаған. Онсыз да төбелерінде ойнап баққан өктемдікке бір қайрат көрсетсе, көрсететін тұс осы екенін ұққан. Тәуекелге бел буған. Бөлініп жарылмаған. Тіпті Оралдағы генерал Веревкин шақыртып, әңгімені өз құлақтарынан естіп, елге екі түрлі пікірмен оралған екі дистанция басшысы Бәймәмбет Маяұлы мен Ғафур Қалбин өз пікірлерін ашып айтқандарымен, қалай да өз сөзімді өткізем деп, ел ішін екі жаруға тырыспаған. Оралдан бірге келген жаңа пристав Рукин екі көмекшісіне бәрібір ондай мүмкіндік бермейтіні түсінікті. Ел бас көтерерлері оларсыз да бар хабарды біліп, тіпті өздері сияқты Балқан түрікпендерінің Ережеге қашан көшетінін Красноводск приставы Столяровқа барып, арнайы сұрап алған. Соған қарағанда, бұл – соқыр ашу емес, әбден шыдамды тауысып, ақылды сарыққан саналы түрдегі шамырығу. Тіпті неден бастау, кімге бастату, қалай болғанда қалай ету, кімдерді араластырып, кімдерді араластырмауға дейін алдын ала кесіп-пішілгені байқалады. Басқасын былай қойғанда, ел аралауға шыққан Рукинді жойып, Александровск фортын қамап, Сартаста флотилия ұйымдастыру, әскери әрекеттер басталмай тұрып, сол маңайдағы елді алдын ала Үстіртке қарай көшіріп жіберу, ондай жаппай үдере қозғалысты байқатпау үшін көтерілісті жұрт түгел жайлауға беттейтін көктемде бастау ойда жоқ басталған істің көріністері болмаса керек.

Бұл – тек Жаңа Ереже жанға жақпағандықтан ғана емес, озбыр отаршылдықтың өз үстерінен баса-көктеп шығысқа қарап өңмеңдеуіне жол бергілері келмейтіндіктерін ашық түрде көрсетуді көздеген әрекет еді. Егер патша әкімшілігі олармен есептессе, осы жолы есептесетінін, есептеспесе, қалған қарсы күштермен одақтасуға әзір екендіктерін байқатып, әдейі қыр көрсету еді. Хиуаға да, Ресейге де бірдей берілген нақты жауап еді. Сондықтан да, бұл көтерілісті қостамағандардың өздері оны соқыр ызадан туған аңғалдық деп емес, арыстанның аузына өзі жүгіргендік деп қарады. Мәселен, сол тұстағы Маңғыстау түрікпендерінің басшысы Мәмбетсапа Құлиев солай деп өлең де шығарды. Челекендегі түркімен бақшысы Нури: “Орыс деген орман ғой, онымен алысып, отқа жүгірген көбелектей болдың ғой, сорладың ғой, қазақ!” – деп, үрейлене жырлады (Сборник сведений о кавказских горцах. Bbin.VII.1873. Тбилиси, Приложение. 17-18 беттер).

Бірақ, ереуілшілер өз бастарын өлімге тіккендерімен, халықты қанды қырғынға салғысы келмеген. Оларды көрші Хиуаға уақытша аударуға пейіл болып, алдын ала солай көшірген. Жаңа Ереже қабылданса, отаршылдықтың жұртты ондай мүмкіндіктен де айыратынын ұғып, қапы қалмай тұрып, қимылдап қалуға тырысқан. Оның үстіне, мұндай кесір дәуренді кешіп отырған тек бір өздері ғана емес екенін, басқалардың да қарсылық жасап жатқанын көріп, олармен де күш қосысамыз деп ойлаған. Басқасын былай қойғанда, Хиуаның әлгіндей үндеуін солай деп ұққан. Егер қателік керек болса, басты қате, міне, осы еді. Егер аздар ауыз біріктіре алса, көптің құйрығы диірмен тарта алмас еді. Аздың әлсіздігі аздықтан емес, алауыздықтан екендігі белгілі. Басқа тараптан көмек болмайтынын ескермеген.

Патша әкімшілігі Орта Азия хандықтарын басып алу жоспарына кіріспес бұрын империя жолдарындағы ең үлкен кедергі болып табылатын шексіз кеңістікті жайлаған жауынгер елдің басын қостырмай, күшін шашырата түсетін Жаңа Ережені тездетіп іске қосуға асықты. Сондай мақсатта бірінші болып қолға алынатын Хиуа бағытында әлгіндей тосқауылды Маңғыстау қазақтарынан күтуге болатынына Перовский “қысқы жорығы” тұсында көздері айқын жетіп еді. Сондықтан, ондай жағдайда оларға басқа қазақтар көмекке келе алмайтындай қылып, тығырыққа тіреп, аяусыз төмпештеудің амалдарын қарастырған. Оларды Кавказға қарату мұның ең ұтымды жолы екенін 1870 жыл мейлінше айғақтап берді.

Қысқасы, 1870 жылғы Маңғыстаудағы оқиғалар патша үкіметінің барлық жағдайды жан-жақты есептей отырып, тыңғылықты әзірлеген әскери операциясы, Хиуа жорығының алдындағы кең қарымды әскери жаттығуы екендігін аңғартады. Ол болашақта кездесуі мүмкін кедергілерді алдын ала істен шығаруды, соны пайдаланып, болашақ жорыққа керек әскери күштерді қажетті плацдармға жеткізіп, психологиялық әзірліктерге алдын ала кірісе беруді көздеген сияқты.

Сол арқылы маңғыстаулықтардың жігерін жасытып, хиуалықтардың күдерін үздіре түсу мақсат болғандай.

Егер бұл қанды оқиғалар жаңа пристав Рукиннің 1870 жылдың 15 наурызында қарулы әскермен ел арасына аттанғанынан басталғанын ескерсек, Маңғыстау даласы тоғыз ай бойы жазалаушылардың табанында жатты. Әскери үкіметтің атып-асқанына, неше қилыны айтып, азғырып-жазғырғанына қарамастан, ел арасында өзара наразылық атымен ұшыраспаған. Қолына қару алып көтерілгендердің саны 10 мың делінгенімен, шын мәнінде, оны сол кездегі жиырма мың қазақ шаңырағы түгел қолдап отырған. Көрші аймақтар ол кезде өздері бастарымен қайғы болып жатқан-ды. Басқа қазақ ұлыстарымен екі ортаға екі губернаторлықтың әскері шеп құрып тұрып алып еді. Көтерілісшілерге Хиуадан басқа барар жер, басар тау қалмады. Хиуаның алдында олардың жүздері ақ еді. Ақ патшаның шойын зеңбіректері күркіреген жойқын қамалын жоймақ болып, арыстандай арпалысып еді. Хиуа да босқындарды құшақ жая қарсы алып, араларына сіңіріп паналатты. Тіпті арнайы Борсу ұлысын бөлді.

1870 жылы қазанда Маңғыстауға пристав әрі комендант болып генерал-майор Комаров келді. Қиыр-қиырдағы рубасыларын қудырып алдырып, жиын ашты. Оған бар болғаны 100 ақсақал, 6 старшын жиналды. Оларға князь Михайл Романовтың атынан барлық адайлардың өткендегі “білместіктері” үшін кешірім жариялағанын хабарлап, қайталанар болса, аяушылық болмайтынын ескертті. Көтеріліске қатысқан әр шаңырақ жылына бір қойдан алты жыл қатарынан, көтеріліске қатыспаған, бірақ ол жайында хабар бермеген әр шаңырақ 3 жыл қатарынан контрибуция төлейтін болды. Контрибуцияны әскер жинады. Бұл арқылы жұрттың ереуілге деген жігерін құм қылу көзделді. Түбекті әскер қаптап кетті. 1870 жылдың қаңтарында Бозашы, Сам, Бесоқтыда 11 жаяу, 14 зеңбірекші рота салық жинап жүрді. Кутайсовтың: “Адайларды қанжоса қып жазалап, бастарымен қайғы қылмай тұрып, біз ештеңеге қол жеткізе алмаймыз”, – деген “даналығына” патшаның өзі бас иіпті. Кез келген ауылда той-томалақ бола қалса, сау етіп әскер жетіп барып отырыпты. Оларға үй тігіліп, құрмет көрсетіліпті. 1871 жылы маусымда Б.Маяұлы марқұмның Сартас маңында берілген асына Ломакин қатысып, сөз сөйлепті (“Военный сборник”, 1871, №1, 83-88 беттер). Ол 200 солдат, 200 ел атқамінерлерін ертіп, Отпантауынан бастап, үш күн бойы Ақтау, Қаратау бойын аралапты. 1872 жылдың 20 қыркүйегінде Бесоқты, Сенек, Сұмса тарабына келіп: “Іргедегі Кендірліден кемемен қару-жарақ, оқ-дәрі алдырып, жер-жерге әскер жіберіп, күллі Маңғыстаудың аяқ-қолын буып отыруға таптырмайтын жер екен”, – деп мақтапты. Не де болса, екі жарым жыл ішінде патша әскері Маңғыстауды жыра-жықпылын қалдырмай түгел тінтіп шығыпты.

Мұның бәрі тегін емес еді. Оны қазақтар әбден сезді. Кешірім жарияланғанымен, Хиуа тарабынан кетпей қойды. Хан игі жақсыларға қызмет берді. Жер бөлді. Үстірттегі жайлауларына көшіп-қонғанда күзететін әскер ертті. Олар пана сұрап келген ағайынды өз бетімен ешқайда аттатпай, «ерекше қамқорлық» көрсетті. Бірақ «Бұхарадан орыс әскері шығыпты» деген хабар бұрқ ете қалды. Барлық әскер сол тарапқа жұмылдырылды. Соны пайдаланған адай ауылдары Үстіртке қарай жөңкіле көшті. Біреулері Жемге, біреулері Маңғыстауға тартты. Хиуада Ғафур Қалбиннің қол астындағы мың үй мен көтеріліс басшылары Досан Тәжиев, Алғи Жалмағамбетов, Ерман, Ермембет Құлов, Иса Тілембаев қалды.

Н.П.Ломакин Бесоқтыны тегін мақтамаған болды. Ол 1873 жылы 20 ақпанда кемемен Кендірліге келіп түсетін әскери экспедицияға керекті түйе, арқан, киіз, жылы киім жеткізуге тиісті болды. Балқан түбегінде ондай міндет Маркозовқа тапсырылды. Бірақ ол ештеңе шығара алмады. Түрікпендер түк татырмады. Оларды қозғап алса, іс насырға шабады деп ойлаған Кавказ бар салмақты “оңдырмай таяқ жеген” адайларға жүктеді. Бірақ адайлар тап ондай жуаси қоймаған болып шықты. Бозашыда Ермембет би Тұрұлының бес жүз кісілік қолы бексауытты орыс қолымен айқасқа түсіп, қырық жігітінен айырылып, жүз жігітін жаралап, қансырап кері шегінді. Оған өз қолымен көмекке ұмтылған Самалық Томпиев оққа ұшты. Бірақ, Мәстекте ереуілшілер тағы да айқас салып, қолды болып бара жатқан түйелер мен жылқыларды бәрібір айырып алып қалды.

Хиуа ханы Мамед-Рахим хабарды естіп, атақты Қалбы бидің немересі Кафар Қаражігітовті Үргеніш түбіндегі Борсуға көшіп келуге шақырды. Бұл бір кісіні емес, бүкіл рулы елді шақыру еді. Ломакин Бесоқтыға келгенде, Кафар Қаражігітов Шопан-Атаға барып, ұран отын жағып, жар салып, Хиуаға тартты. Елдің қайта көшіп кетуінен сескенген Ломакин әр рудан аманат ұстап, өз бетімен көшкендерге қыстау да, жайлау да берілмейтінін айтып, ауыл-ауылға шапқылап, жанталасып бақты. Көктем шықпай жатып, Үстіртке қарай үдере көшкен ауылдарға жолда тосып тұрған торуылшы әскерлер тап беріп, түйелерін, аттарын тартып алды. Көш-жөнекей соғысқан қазақтар өздері де қырылды, солдаттарды да аянбай жайратты. Сондай соғыстың біреуінде Итібай құдығының басында, болашақта Орта Азияны жаулап алып, даңқы шығатын атышулы Скобелев қансырай жараланды. Сөйтіп, Ломакин жорыққа керек түйелерді адам көрмеген жыртқыштықпен әзер жиып алды. Балқандағы Маркозовқа да сыпайыгершілікті қойып, түрікпендерді түре қуалап, көлік жинап алуға тура келді. Атырау шығысындағы қазақтар мен түрікпендер қансырағанша қарсыласқандарымен, батыстағы бәсекелестерінің бәрін жеңіп, әбден көкжалданып алған Ресей әй-шәйге қаратпады. Аз күннің ішінде Хиуаның ойран-ботқасын шығарды. Орынбор, Ташкент, Кавказ қолдары сол арада тоғысып, Орта Азияны да оң жамбасқа басты.

Тіпті сол кездің өзінде Маңғыстау қазақтарының қарсыласуы тоқтаған жоқ еді. Хиуада талқандалған соң ғана Иса Тілембаев елге қайтып, 1873 жылы өз еркімен берілді. Ал Досан Тәжиев Хиуа күйреген соң да, сол маңайдағы Кіші жүздің руларын, белгілі батырларды басқыншыларға қарсы үндеумен болды. Бірақ, көзі қорқып қалған жұрт оның соңынан ермеді. Кейбіреулер: «Ол малымызды тартып алды» деп, соңына қуғын түсе бастады. Шамасы пәлесінен аулақ деп, ұстап беріп, құтылмақшы болғандар шығар. 1784 жылы Досан мен серіктері Үстіртке ойысты. Бірақ, ауылдардың бәрін әскери тінтушілер торып жүрді. Сондай торуыл қол Досан қонып отырған үйді қамап алды. Оғы таусылғанша атысып, беріспеді. Оғы таусылған соң, үйден атыс дауысы шықпай қалды. Сонда да жазалаушылар киіз үйге оқ жаудырып бақты. Енді дәу де болса, өлген шығар деп, ішке кірсе, жайрап жатқан өлік жоқ. Төрдегі төсектің үстінде көйлекшең бір дембелше адам отыр екен. Бұрын оны көрмеген бір әскери адам: «Батыр, батыр дегенге еңгезердей екен десем, шынашақтай-ақ кісі екен ғой», – депті. Сонда Досан: “Алтынның ересен үлкен болғанын қашан көріп едің?!” – деп жайбарақат күлімсірепті. Ол түрме азабынан сусақ ауруға ұшырап, 1876 жылы абақтыда көз жұмды. Қайсар ер өле-өлгенше бас имепті. Генерал Комаровқа: «Сен өзің генерал болғаныңмен, қатын-балаң генерал емес қой. Мен де өзім Досан болғаныммен, қатын-балам Досан емес. Маған не қылсаң, соныңды қыл. Бірақ, шиеттей балаларымды босат!» – депті. Алайда, ол өлген соң барып, 1876 жылы сот болып, қанды көйлек серіктерінің бәрі Сібірге жер аударылады. Батырдың қаршадай ұлы Шопан үш жыл түрмеде отырып, кінәсіз деп табылып, әзер босатылады. Бұл кезде Хиуа ойраны ұмытылды, бүкіл Шығыс Каспий алабындағы түрікпен тайпалары күшпен бағындырылады.

Ал Маңғыстаудағы Түпқарағанда болып жатқан әскери сотта алты жылға созылған айқасты бастап берген ержүрек Досан Тәжиев: «Айыпты біз емеспіз, сендерсіңдер!» – деп, тергеушілерге бет қаратпай қойды.

Одан жетпіс жыл кейін Халел Досмұхамедовтің: «Қазақтың адай секілді рулары шындығында өкімет Хиуа мен Түрікпенді алғаннан кейін ғана бағынды» – дейтіні сондықтан еді (“Аламан”. Арыс. 2002 жыл, 161-бет).

Иә, Маңғыстаудағы Иса-Досан көтерілісі – патшалық отаршылдыққа, батыстық әскери баса көктеушілікке өліспей-беріспеген ата-бабаларымыздың ең ақтық айқасы болды. Ол шын мәнінде, сонау, XVIII ғасырдағы Сырым тұсынан басталған ұлт-азаттық күрестерінің ең елеулі оқиғаларының бірі еді.

Ендеше, Шотан мен оның ержүрек мұрагерлері сол киелі майданның шәйіттері ретінде қандай құрметке де лайық.

Қолдары босаған патша әкімшілігі 1870 жылғы көтеріліс басшыларын жазалап болған соң Маңғыстау қазақтарын тұтасымен жазалаудың небір қитұрқы жолдарын қарастыра бастады. Оның ең ықтимал жолы ереуілшіл тайпаны бастарымен қайғы қылып, бет-бетіне бытыратып жіберу деп табылды. Бесоқты, Сұмса, Сенек құдықтарын қыстайтын 6 мың шаңырақ Орал облысының қарауына берілді. Онда да быт-шыт шашыратып, басқа рулардың арасына сіңіріп жіберді. Оны Крижановский мен Веревкин “Кавказ басшылығы бағындырып ұстай алмай отырған, бет-бетіне қаңғып жүрген жабайы тобырды Орынбор даласының оңтүстігіне өз алдына оңаша қалдырудан сескендік”, – деп түсіндірді. (ҚКСР Орталық Әскери-тарихи мұрағаты, ВУАЦ., 6848-іс, 240-бет). Қан-жоса жазадан өз беттерімен безінгендер де аз болмады. Қожелі, Қоңырат, Көнеүргеніш көшкендер қаншама? Тіпті Бұхара, тәжік ауғандар да аз емес. Ал Жәнібек бидің қол астындағы 5 мың шаңырақ 1875 жылы Бадахшан, Тесіктас, Құндыз ауды (Өзбек MM, 1 к., 29-т., 34-іс, 11-бет). Көп жұрт Балқан түбегіне көшті. 1894 жылы Красноводск уезінде 2890 шаңырақ өз алдына болыс құрды. Маңғыстауда қалғандар әуелі 1874 жылы Кавказға бағынатын Красноводск және Маңғыстау приставтықтарынан тұратын Каспий сырты әскери бөліміне қарады. 1882 жылдың маусымынан бастап бөлім осы аттас облыс болып Ашғабадқа қарады. Одан 1890 жылы аталмыш облыс Ташкенттегі Түркістан өлкесі басшылығына бағындырылды.

Осы аумақтық-әкімгершілік аударма-төңкермелер Маңғыстау қазақтарын қалған қазақтардан айта қаларлықтай алшақтатып жіберді. Оның салдары тарихы бай, тағдыры қиын болған өлкенің өткендегі жайсаңдарын қалған қазақтардың біліп жарымауына әкеліп соқтырды. Оның үстіне, Иса-Досан көтерілісінен көңілі қалған патша әкімшілігі ауызға көп алдыра бермеген қайсар өлкенің өткені кеңестендіру жылдарындағы «Адай көтерілісі» жанышталған соң тағы да «тиімсіз тақырыпқа» айналды. Саяси тарихын былай қойғанда, күні кешеге дейін төл тұрмыстық үрдісте келген өлкенің рухани мұралары да қалтарыс қала берді.

Қызыл идеология барша ұлттық тарихымыз сияқты бұл өлкенің тарихы мен руханиятын тереңдей қазбалауға мүмкіндік бермеді. Тек тәуелсіздік жылдарында ғана, жоғарыда айтылғандай, бір ғасырдан астам жан-жақта бытырап жүрген қауымның басы қосылған соң ғана тың деректер ашыла бастады. Ол жайындағы Абыл, Мұрат, Нұрым, Ақтан, Қашаған, Сәттіғұл, Сүгір, Түмен жырларының өзі жұртшылықтан тасаланып келіп, енді-енді баспасөз бетін көре бастады. Кейінгі жылдары Есбол Өмірбаев, Ғұбайдолла Айдаров, Қабиболла Сыдиықов, Саламат Шалабаев, Өмірзақ Қалбаев, Ыбыраш Қорқытов, Қамысбай Мырзағалиев, Естерек Жаманбаев, Ізбасар Шыртанов, Әбілқайыр Спанов, Жанбибі Дүйсенбаева, Асан Әбдіров, Терекбай Жаңбыршин, Лебен Сәдуақасов, Қаржаубай Рейімбайұлы сынды өлкетанушылар ел арасынан тың деректер тауып, жариялай бастады. Бірақ, мұның бәрі – бай қазына тығылған тылсымға қызықтай сығалаған қылдай жіңішке саңылау ғана. Әлеуметтің өткен жайсаңдарына өзек үзе бастаған жақсы ниеттері ғана. Бұл ретте Шотан Назарұлының алдымен ауызға алынуы әбден орынды. Ол – атақонысты қайтарған қаһармандардың бірі болса да, бірегейі.

Біз осындай тұста кейбіреулердің аузынан еріксіз шығып кеткен «Ол кім өзі?» деген бейкүнә сұрағына бір түбектің өзімізге мәлім өткенінен бір әулеттің үш-төрт буыны көрген тағдырдың ауқымына сыйған оқиғалар тізбегін шола отырып жауап бергіміз келді. Ұлтымыздың әуелгі атақонысын түгел иемденіп, түгел сақтап қалу жолындағы жанқиярлық күресте Шотан да, Досан да, олардың үзеңгілестері де – айтпай кетуге болмайтын тұлғалар.

Ел бүтіндігі мен тұтастығы ең басты құндылыққа айналып тұрған қазіргідей заманда жер тұтастығы жолында жан салып, жан берген, өз тұсындағы қазақ қауымының қабырғалы қайраткері бола білген атпал арыстарға бүгінгі тәуелсіз ұрпақтың тәу ете бас июі әбден сүйінішті.

Авторы: Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ

1 комментарий:

  1. Ассалаумалейкум, Шотан батыр Есболай батырдың жиені, Есболай батырдың Мақпалжан деген апасынан туған. Шотан батыр ер Есболайдың қасынан қалмай еріп жүрген адам деседі, оған дәлел Мұрат Мөңкеұлының манандай өлең шумағынан көруге болады:
    Шотаның Есболайға еріп келген,
    Сол күнде қоңсы қонып тартқан қауға.
    Бәрінен осылардың хабарың жоқ,
    Сөйлесең елге тиіп есің ауған.
    Итемгенұлы Қара,Табылды,Саржала, Сырым батыр секілді есімдері анық айтылғандай Шотан батырдың аты анық айтылар еді, егерде сол қақтығыстарда болған болса,олардың арасында Шотанның аты бір болса да кездеспейді,бүйткен шығар, сүйткен шығар,шатастырған шығар деген меніңше дәлел емес,ол турасында тереңірек қарастыру керек,рас Қара,Табылды беріш Қаратоқай атадан тараған ұрпақ,сондықтан нақты делел болмаса жорамалдап жазудың керегі жоқ.Шотан батырдың басқа жерлердегі ерліктері бар, сол ерлігін жазу керек еді.Басқа батырдың ерлігін иемденудің керегі жоқ.

    ОтветитьУдалить